Отандастарымызға шет елде медициналық көмек қажет болған жағдайда ағзаны Қазақстан аумағынан тыс жерге алып шығуға рұқсат етілуі мүмкін. Денсаулық сақтау жөніндегі жаңа кодекске осындай өзгерістер енгізілмек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, сыртта жүрген Қазақстан азаматтары оқыс оқиғаға ұшыраған жағдайда донор тасымалы аса қажет. Ал кодекске енетін жаңашылдық осы мәселені шешеді дейді. Дегенмен, қазіргі таңда денсаулық сақтау кодексіне қатысты қоғам пікірі бір жақты емес. Сондықтан өзгерістер кеңесе келе күшіне енбек.
«Қазір қолданыстағы заңға сәйкес донорды сату, сатып алуға тыйым салынады. Заң тұрғысында бұл мәселе бізде қатал қаралады. Өзінің іш құрылысын сатамын деп жарнама жасайтындармен де күрес қарқынды жүргізіліп жатыр. Донор ретінде тек туыстық қатынасы барлар ғана бола алады. Біздің тәжірибеде бұл анасы, ағасы немесе інісі. Бүгінгі таңда 3 мың адам керекті органды күтіп жатыр. Біз тек биологиялық және мидың өлуі кезінде донор бола алатын кезең дейміз. Себебі, жүрек, өкпе жұмыс істеуін тоқтатпайды» - деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат АҚТАЕВА.
Осыдан 11 жыл бұрын қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске биыл 600-ден астам өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек. Дегенмен, барлық сұрақ тек талқылау деңгейінде. Өзгертулер қоғамнан қолдау тапса ғана енгізіледі. Сондай-ақ, отырыста міндетті әлеуметтік сақтандыру және екпе мәселелері де талқыланды. Бүгінде Қазақстанның 30 пайыз тұрғыны міндетті екпеден бас тартқан.