Алматы тұрғындары «Денсаулық айлығы» жайлы толық хабарланбаған. Шараның басталғанына бүгін алтыншы күн болса да, денсаулығын тегін тексертетіндердің қатары көбеймей тұр. Бұған халықтың ақпараттандырылмағаны себеп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда 1 тамызда басталған «Денсаулық айлығы» акциясы бүгін түске дейін «Саламат» базарында өтті. Осы сауда орнында ертелі-кеш қызмет етіп, жай күндері дәрігерге көрінуге уақыт таба бермейтін қызметкерлер шараға ағыла бастады. Бірақ, келушілердің саны көңіл көншітпеді. Саудагерлердің тегін медициналық қызметке қызығушылық танытпауына не себеп болғанын білу үшін, тілшілер тексеріс жүргізді. Сөйтсе мұндағылардың басым бөлігі шара жайлы естімеген екен.
«Ондайды естімедім. Кім ұйымдастырды?», – деді сатушылардың бірі.
Біз базардағы сатушылар мен келушілерге әркім тұрып жатқан жері бойынша тамыз айы бойы тегін скринингтен өте алатындарын айтып едік. Олар алысқа ұзамай-ақ сапалы медициналық қызметке қол жеткізуге мүмкіндік беретін мұндай шараның ұйымдастырылғанына қуанды. Әсіресе терапевт, педиатр, кардиолог, стаматолог сынды білікті мамандардан кеңес алудың маңыздылығын алға тартты. Тек тексеріске баратын уақыт таппай қиналғанын жеткізіп отыр. Өйткені, ақ халаттылар тұрғындарды тек түске дейін қабылдайды екен. Бұл жұмыс басты жұртқа мүлдем қолайсыз.
«Естідім тек қолым тимеді. Кешке дейін қоймада болдым», – деді бір сатушы.
Ал бұған дейін ақ халаттылар таңнан кешке дейін қалтқысыз қызмет етіп, басы ауырып балтыры сыздағандардың барлығын қараймыз деп уәде еткен еді. Алайда бұл тек сөз жүзінде қалып отырған сыңайлы.
«Аталған шара күнделікті дүйсенбіден бастап, сағат таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін өткізіледі. Осы уақытта келіп өтулеріңізге болады», – деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы медициналық мекемесінің бас дәрігері Кәмшат АЙТҚАЗИНА.
Айта кетейік, «Денсаулық сақтау» айлығы тамыздың 31-іне дейін жалғасады. Соның арқасында шалғайдағы тұрғындар үй маңынан ұзамай-ақ, сапалы медициналық қызметке қол жеткізеді. Ол үшін терапевт, педиатр, кардиолог, стаматолог сынды білікті мамандардан құралған мобилді топтар қызмет етеді. Жылжымалы кешендер шаһардың 8 ауданында бірдей жұмыс істейді.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы