ҚР Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ және Өзбекстан Республикалық мамандандырылған кардиология ғылыми-практикалық медицина орталығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ағымдағы жылғы 21 қарашада Ташкент қаласында Өзбекстандағы Қазақстандық медицина күндерінің шеңберінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты және Республикалық мамандандырылған кардиология ғылыми-практикалық орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
ҚР ДСМ Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрайымы Роза Қуанышбекова және Өзбекстан Республикалық кардиология орталығының директоры Равшанбек Равшанбек Курбанов құжатқа қол қойды.
Тараптар жаңа медициналық технологиялардың енгізілуіне, білім мен тәжірибенің таратылуына, бірлескен ғылыми зерттеулер мен бағдарламалардың орындалуына жағдай жасауға, бірлескен білім беру жобаларын әзірлеу және жүзеге асыру бойынша тәжірибемен алмасуға; ұйым қызметкерлерінің баяндамалары мен ғылыми мақалаларын басылымда жариялап, конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, шеберлік кластар және дөңгелек үстелдерді ұйымдастыруға, сондай-ақ онлайн-курстар, имитациялық жаттығулар және т.б. электрондық білім беру ресурстарын енгізуге келісті.
Кардиология, жүрек-қантамыр хирургиясы және интервенциялық кардиология, реаниматология және қарқынды терапия, ішкі аурулар секілді ынтымақтастықтың аса басым бағыттары таңдалды.
Көрші елдерде өткізілетін Медицина күндері секілді іс-шаралар достық қарым-қатынастағы елдердің халқына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімді және сапалы болуын қамтамасыз ету үшін республикалардың медициналық ұйымдары арасындағы өзара әрекеттесуді кеңейтуге, тәжірибемен алмасуға мүмкіндік береді.