Жыл сайын емдік-сауықтыру туризмі осы бизнесті домалатып жүрген алпауыт мемлекеттерге 40 миллиард долларға жуық пайда әкелуде. Сол себептен бұл саланы дамытудың Қазақстан үшін маңызы зор. Басқа елдердің озық тәжірибесімен танысу үшін қазақстандық мамандар шет елдерге жиі шығады. Жақында ақ халатты делегациямыз Түркияға барып қайтты. Онда дәстүрлі түрде өтетін 4-нші халықаралық сауықтыру саммитінде төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған білікті дәрігерлер бас қосты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сиқырлы су. Түркиядағы Балыкесир провинциясының жер астынан шығатын тіршілік нәрі неврология, ортопедия, гинекология және тері ауруларына шипалы дейді ғалымдар. Әлемнің 56 елінен жиналған 300-ден астам делегацияның ішінде сан түрлі ауруға сеп болатын бұл ыстық судың пайдасына көз жеткізу үшін арнайы келгендер де бар.
«Түркия – емдеу тұрғысында таңдаулы орындардың бірі. Былтыр онда 890 мың өзге ел азаматтары ем алуға келген. Биыл жыл соңына дейін 165 елден 1 миллион азаматты қабылдауға дайынбыз. Түркия әлем бойынша медициналық туризм саласында Германия, АҚШ-тан кейін 3 -ші орынды иеленеді», – деді Түрік медициналық туризм қауымдастығы кеңесінің төрағасы Эмин ЧАКМАК.
Түркия әлемге тек туризммен ғана емес емдік-сауықтыру орталықтарымен де әйгілі. Ондағы қонақ үй мен жеке клиникаларға келушілерге сауықтырудың түрлі тәсілін ұсынады. Ал емдік ыстық су сіз қоныстанған барлық нысанға, тіпті ондағы әрі бөлмесіне тартылған.
«Балыкесир – термалды бұлаққа бай өлке. Халықаралық саммиті де осы тақырыпқа арнап отырмыз. Термалды бұлақ суының құрамында пайдалы элементтер өте көп. Ол әсіресе ревматология және тері ауруларын емдеуге септеседі. Айта кетерлігі, Қазақстан делегациясы дерматовенерологтар өкілі болып отырғаны үлкен мақтаныш. Шара аясында екі жақты келісімдерге қол қойылып, біліктілікті арттырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалып отыр», – дейді Қазақстандағы түрік медициналық туризм қауымдастығы өкілдігінің директоры Халида САДЫҚОВА.
«Термалды су нейрохирургия және неврология ауруларына да таптырмас емінің бір түрі. Осы топтағы науқастарға оңалуына өз септігін тигізеді. Мұндай ем түріне мұқтаж азаматтар көп. Оның ішінде ми мен жұлын жарақаты, сал ауруына шалдыққандар тек дәрелермен ғана емес, термалды бұлақ оны емдеу тұрғысында барлық бағытын қамтиды», – деді нейрохирург Арман ӘЛІМЖАНОВ.
Бұдан бөлек, дәрігерлер саммитте, күйбең тіршіліктің кесірен күйзеліске ұшырайтындардың саны күрт артуының алдын-алу үшін арнайы шеберлік сабағын да өткізді. Онда қатысушыларға да бір сәт медитация жасатып, адам ойының қиялына ерік берді.
Дертіне дауа іздеген шарасыз жандарға түрік-сауықтыру туризм қауымдастығы қашанда қолғабыс етуге әзір. 14 жылдан бері қолға алынған бұл бастама аясында, еліміздегі қауымдастық Түркиядағы ең мықты деген мамандарға жолдама беріп келеді. Арасында, өмірі қыл үстінде тұрған науқастардың әлеуметтік осал тобына ақысыз ем алуға да септеседі. Осы тәжірибені енді отандық мамандар Қазақстанда қолданудың амалдарын қарастыруда. Себебі кең-байтақ жеріміз минералды шикізаттарға ғана емес, термалды қайнар көздеріне де бай.
Әйгерім Ердәулет, Роза Қыдырәлі, Арсен Сандыбаев. «Алматы» телеарнасы