Дәрігерлерге берілетін үстемеақы дағдарыста ғана емес, жүйелі негізде төленуі тиіс. Пандемия кезінде дәрігерлердің еңбегінің орасан зор екеніне тағы көз жетті деді Мемлекет басшысы.
Енді медицина қызметкерлеріне екінші жартыжылдыққа 150 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды Almaty.tv. Бұл қаражат ақ халаттыларды ынталандыру үшін берілмек. Сондай-ақ, 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болады деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бүгін дәрігерлер қауымы да жылдағы президенттің халыққа жолдауын ықыласпен тыңдады.
«Президенттің жолдауындағы басты мәселенің бірі – ел қауіпсіздігін сақтау. Халыққа алғашқы көрсетілетін медициналық қызметке аса мән беру керектігін айтты. Жедел жәрдем барынша мобильді болып, қызмет көпке бірден жету қажет екеніне көңіл бөлді. Сондай-ақ, көлік медицинасын дамыту керек деді», – деді ШЖҚ «Қалалық студенттер емханасы» МКК бас дәрігері Айгүл Асен.
Жолдауды әскерилер де назардан тыс қалдырған жоқ. Елдің алдағы уақытқа жоспарын шегелейтін маңызды құжатты олар да бірге тамашалады. Сондай-ақ, мемлекет болашағына бей-жай қарамайтын қарапайым халық та жылдағы жолдауды үйден тыңдады. Сөздерінше, биылғы жолдауды әр саланы нақты қамти алды. Президенттің көп бастамасы көңілден шығып, көкейде жүргенде дәл басты дейді тұрғын.
«Кредит алып аламыз. Өзіміздің табысымыздан да көп кредит алып аламыз. Оны қалай төлерімізді ойламаймыз. Соны ойласа деп ойлаймын. Сол туралы жақсы айтып кетті. Жақсылап тексеріп, банкке кішкене қаталдық қойса», – деді қала тұрғыны Элеонора Сисебаева.