Елімізде 3 мыңнан аса азамат ағза ауыстыруға мұқтаж

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүйрек ауыстыру отасы қазір ел бойынша 7 орталықта жасалады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда 3 мыңнан аса азамат бүйрек ауыстыру кезегінде тұр. Өкініштісі, өткен жылдармен салыстырғанда, ағза алмастыруға мұқтаж жандардың саны артқан, деп хабарлайды Almaty.tv    тілшісі.

Дертке дауа іздеп, шетке сабылмай, елден-ақ ем табуға болады. Оған Алматының өзінде-ақ биыл жасалған 20 ота дәлел. «Қазір бүйрек трансплантациясы елде еш қиындықсыз атқарылады» деген дәрігерлер аурудың жастар арасында көптігі алаңдатады. Бұл қатарда 27 жастағы түркістандық Дінмұхамед те бар. Ол дерт деңдеп, ауру асқынғанда отандық медицинаға жүгінген.

«3-4 жылдай ауырдым. Ештеңеге зауқым соқпайды. Ауруымды білгенде, шетелге кетемін деп ойладым. Бірақ Қазақстанда да ота жасауға болады екен. Бәрі сәтті өтіп жатыр», – деді науқас Дінмұхамед Жетпісбай

Кейіпкерге бір бүйрегін анасы берген. Осы секілді, трансплантацияға мұқтаж науқастардың көбі туыстық донорлықты пайдаланады. Ал аурудың негізгі риск-факторы қан қысымының жоғары болуы деген дәрігерлердің айтуынша, оны бақылауға алмаса салдары бүйрек ауруына әкелуі мүмкін.

«Бізде мәйіттік донор трансплантациясы қазір жоқ. Сондықтан, амалсыздан аурулар шетел асады.  Қазір тек Белоруссияда ота жасалады. Кейінгі кезде олар да тоқтатты. Өйткені, азаматтарға еуропалықтардың бүйрегін ауыстырғанда иммундық проблемалар болады екен», – деді трансплантолог-хирург, профессор Болатбек Баймаханов.

Неғұрлым ерте қойылған диагноз науқасты диализге жібермей-ақ, айығуына жол ашады. Бір өкініштісі, қазір ауруын асқындырып, бүйрек алмастыруға мұқтаж болғандар көбейген. Ресми статистикаға сәйкес, 3336 ересек, 62 бала тіркелген.

«Бізде мәйіттік донорға көзқарасы енді ғана дұрыс қалыптасып келеді. Қазір 3 мыңнан аса адам күту парағында тіркелген. Соның 65-і бала. 10 жылда 1,5 мың бүйрек ауыстыру трансплантациясы жасалды. Олардың  10 пайызына қайтыс болған жандардың бүйрегі салынады. Басқасы – туыстары донор болады», – деді республикалық трансплантация орталықтың координаторы Лейла Исмағамбетова.

Бүйрек ауыстыру отасы қазір ел бойынша 7 орталықта жасалады. Оның үшеуі Астана қаласында, сондай-ақ Алматы, Шымкент, Ақтөбе мен Таразда да трансплантация сәтті аяқталып жүр.

Мұнда дәл осылай 1 аптаның ішінде 2-3 пациенттің бүйрегі ауыстырылады. Шамамен 5 сағатқа созылатын отаға әдетте 10 адамнан тұратын бригада атсалысады екен. Бүйрек ауыстыру аталған орталықта 1979 жылдан бастап жасалып келеді. Сондықтан мамандар үшін трансплантация қалыпты жұмыс күнінің бір бөлігіне айналған.

Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров