Міндетті екпеден бас тартқан балалар арасында ауру жұқтырғандар көбейген

Міндетті екпеден бас тартқан балалар арасында  ауру жұқтырғандар көбейген
Міндетті екпенің маңыздылығы сөз болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Міндетті екпе қажет. Алматыда қоғам белсенділері, сарапшылар бас қосқан жиында Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған осындай бастама қолдау тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  Денсаулық туралы Кодекс жобасын талқылау кезінде міндетті екпенің маңыздылығы сөз болып, бұл бағытта жұмыс жасау үшін елімізде сапалы вакциналардың бар екендігі де айтылды. Жиынға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, үкіметтік емес медициналық ұйымдардың мүшелері, денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар және қоғам белсенділері қатысты.

Басқосуда қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мемлекеттің денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударып отырғандығын атап өтті. Ал спикерлер қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан жаңа кодекске енгізілген өзгерістер туралы баяндама жасады. Кодекстің жаңа жобасы әлемдік тәжірибеге негізделіп жасалған.

«Бұл, әрине, өте бір қажет  құжат. Өйткені әр адамның денсаулығына қатысты құжат. Сондықтан жан-жақты талқылауға түсу, әр азаматтың өз пікірін жеткізуі мемлекеттің тағы бір жеткен жетістігі дегенді айтқым келеді», – деді  ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Зәуреш АМАНЖОЛОВА

«HelpToday» қоғамдық қорының жетекшісі онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың жайын ойлап, қынжылады. Сөйтсе, былтырғы жылы міндетті екпеден бас тартқан балалардан ауру жұқтырғандар қатары көбейген екен. Осылайша, екпе еккізудің қажеттілігіне тоқталды.

«Мен өз басым міндетті екпені қолдаймын. Өйткені біз көмек көрсететін балалар, олар онкологиялық, сал ауруына шалдыққан балалар басқа сау балаларға қарағанда аурушаң келеді. Өйткені, олар екпе қабылдамайды. Бірақ олар да сау балалар сияқты ортада жүреді, қыдырады. Осылайша өткен жылы қызылшамен ауырған балалардан ауру жұқтырып, 8 бала көз жұмды. Сол себепті біз бүгін міндетті вакцинация нормасын енгізуді сұрап отырмыз»,  – деді  «Helptoday» қоғамдық қорының жетекшісі Эльмира ӘЛИЕВА

Бұл ретте қоғамдық қор мүшелері тағы бірқатар заңнамалық нормаларға қатысты пікірлерін білдірді. Олар қабылданса, тәжірибелі дәрігерлерді соған сәйкес дайындауға мүмкіндік туатынын жеткізді.

«Аутизмді 1 жасқа толмай анықтаса, оның реабилитациясына, денсаулығының жөнделіп кетуіне ықпал жасайды. Ал оны 5 жастан немесе 8 жастан анықтаса, онда оның жетілуіне кері әсерін тизігеді», – дейді    «BILIM FOUNDATION» қоғамдық қорының басқарушы директоры Берік РАКУШЕВ

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов екпелердің сапасын жақсарту және вакцинациялау кезінде барлық қауіпсіздік нормаларын қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданып жатқандығын айтты.

"Кодекстің жобасы алғаш рет Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында бір жыл бұрын жарияланды. Осымен оныншы рет  қоғамдық тыңдау өтуде. Бүгінде үш мыңнан астам түзету мен ұсыныс жинадық», – деді  ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.  

Жаңа Кодекс жобасы қабылданса, ұлт денсаулығын нығайту, азаматтардың өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігін күшейту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға қол жетеді дейді медицина мамандары.  

Сая Меңдеке, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров