Алматыда қатерлі ісікке күдікті 130-дан астам науқас анықталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қаланың 48 емханасында «жасыл дәліз» шартын сақтау бойынша 962 қызметкері оқытылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда бірінші жартыжылдықта ашық есік күні науқаны аясында қатерлі ісікке күдікті 130-дан астам науқас анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.


2023 жылдың 6 айында Алматы онкологиялық орталығында онкопатологияның алдын алу және ерте анықтау бойынша 5 ашық есік күні өткізілді, онда 983 адам арнайы мамандардан кеңес алды. Соның ішінде 81 адамға қатерлі ісікке күдікті деген диагноз қойылған.


Сондай-ақ онкологиялық орталықтың мамандары қаладағы емханаларда 30 ашық есік күнін ұйымдастырып, өткізуге атсалысып, онколог мамандардан 442 адам кеңес алса, оның 53-інде онкологиялық ауруға күдік анықталған.


Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары Жанна Кужаева жүргізіліп жатқан іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті, өйткені қатерлі ісік Алматыда ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша халықтың сырқаттануы мен өлімінің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Онкологиялық ауруларды ерте диагностикалаудың маңыздылығы қатерлі ісік дамуының бастапқы кезеңінде емделу ықтималдығының жоғары пайызымен түсіндіріледі.


Осы мақсатта бірінші жартыжылдықта қалалық онкологиялық орталық мамандары қаланың 48 емханасында (оның ішінде 40 офлайн және 8 онлайн) «жасыл дәліз» шарттарын сақтау бойынша оқыту жүргізді, емханалардың 962 қызметкері оқытылды.


Ерте тексеруден өту және онкологиялық, гематологиялық ауруларға күдікті болса, шұғыл емдеуді бастау үшін Қазақстанда «жасыл дәліз» ережесі қолданылады. Яғни, қандай да бір онкологиялық ауруға күдік болса, барлық зерттеу, атап айтқанда, ЭКГ, рентген, КТ, МРТ, ультрадыбыстық және эндоскопиялық зерттеулер 18 күн ішінде емханада аяқталуы тиіс.

2023 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша «жасыл дәліз» шарттарын сақтауда жақсару байқалады: науқастардың 92%-дан астамы онкологиялық ауруға күдік болса, тексеруден уақтылы өтті.

Сондай-ақ Алматы онкологиялық орталығы базасында қалалық емханалардың тексеру кабинеттерінің 18 акушер маманы оқытылды.

Қалалық онкологиялық орталықтың онкогинекологиялық бөлімшесінің меңгерушісі Райхан Болатбекова өткізген «Жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған скринингтер» және «АПВ-ға қарсы егу мәселелері» тақырыптарында 6 семинарында, 145 МСАК маманы оқытылды.

Новости партнеров