Алматыда 1 қаңтардан бастап дәргерлердің жалақысы 30 пайызға, ал орта буын медицина қызметкерлерінің айлығы 20 пайызға көтерілді. Былтыр карантин кезінде дәрігерлер тек 4 категория бойынша үстемақы алған болатын. Енді ақ халаттылардың барлығы мемлекет тарапынан қолдауға ие болуда. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Жалпы тәжірибелік дәрігер Гүлназ Баянқызы қалалық клиникалық ауруханада жұмыс істеп жүргеніне 1 жыл болыпты. Қазір мобильді бригаданың мүшесі. Дәрігерлік қызметінің алғашқы сатысы пандемиямен тұспа-тұс келгеніне қарамастан, вируспен күресте айтарлықтай тәжірибе жинақтапты. Ковидке шалдыққан науқастарды емдеуде алдыңғы шепте жүргені үшін қазір жалақысы көбейген.
«Тамыз айынан бастап, екінші категорияның ақшасын ай сайын үзбей беріп отырды. Осылай мемлекеттің, халықтың медицина қызметкерлерін қолдап жатқаны өте маңызды. Біз оған өте қуаныштымыз», – деді №7 қалалық клиникалық аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігері Гүлназ Баянқызы.
Биыл 1 қаңтардан бастап, дәрігерлер жалақысы 30 пайызға, ал медбикелердің айлығы орта есеппен 20 пайызға көтерілді. Былтыр үстемақы инфекциялық аурухана дәрігерлеріне, жедел жәрдем қызметкерлеріне және мобильді бригадалар мен фильтр тобындағы мамандарға ғана берілген еді. Қазір үстемақы мөлшері ақ халаттылардың еңбек өтілі, тәжірибесі мен жасаған жұмыс сағаттарына байланысты есептеледі.
«Эпидемияға тікелей қатысты бізде емхана бойынша мобильді топ және фильтр үстемақы алды. Олар фильтрде 2 дәрігер және 2 медбике және мобильді топта 2 дәрігер мен медбике жалақыСына үстемақы алуда», – деді №7 қалалық клиникалық аурухана емханасының бөлім басшысы Жанерке Әбдіхалықова.
Бұған дейін 2020 жылы дәрігерлер айлығы 30 пайызға, ал орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға көбейген еді. Сондай-ақ ақ халаттыларға «Алматы жастары» бағдарламасы аясында баспана алуға да мүмкіндік жасалған болатын. Төтенше жағдай кезінде облыста тұратын медицина қызметкерлі уақытша жатақханамен қамтылып, қала ауруханалары ИВЛ апараттары мен тепловизор секілді қажетті техникалармен жабдықталды.
Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы