Алматылықтар бір ай көлемінде тұрғылықты жері бойынша тегін ем алады

Алматылықтар бір ай көлемінде тұрғылықты жері бойынша тегін ем алады
Тұрғындар кардиолог, пульманолог, терапевт, тіс дәрігері, акушер гинекологқа қарала алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Денсаулық айлығы» акциясы тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсетіп, халықтың өмір салтын нығайтуға бағытталған. Аталмыш шара Түрксіб және Алатау ауданында бүгіннен басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгіннен бастап Алматыда «Денсаулық айлығы» шарасы басталды. Тұрғындарға медициналық көмекті қолжетімді еткізу үшін ұйымдастырылған шара тамыз айының аяғына дейін жалғасады. Мұнда азаматтар холестериннің, қандағы қант мөлшерін, флюраграфиялық рентгеннен өтіп, фтизиатрдың қарауында бола алады. Осы мүмкіндікті жібергісі келмеген әрбір тұрғын бүгін таң алакеуімнен кезекке тұрды.

«Мына халыққа жасалып жатқан жағдайдың бәрі жақсы. Әсіресе, жасы келген адамдарға қажет шара. Алыстағы емханаға барып келу біз үшін қиын», – деді кейуана.

«Бұл халыққа көңіл бөлініп жатыр деген сөз. Ұйымдастырушыларға рахмет айтамыз», – деді келесі бір тұрғын.

Акция Түрксіб ауданының «Нұршашқан» және Алатау ауданының «Теректі» шағынауданынан басталды. Бұл мекен-жайлар да кездейсоқ таңдалып алынбаған. Себебі, шет ауданның тұрғындарына емхана алыс.

«Негізінен біз күткен адам саны аз болатын. Бірақ келіп жатқан адамдар өте көп. Және бұл жақтағы тағы бір мақсаттың бірі ол – ең біріншіден, қала тұрғындарын профилактикалық тексеруден өткізу. Өйткені мұндай шалғай аудандарда тұратын қала тұрғындары емханаға жиі бара бермейді», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат ТӨСЕКБАЕВ.

Сонымен қатар мамандар халықты келер жылдан бастап енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша хабардар етіп жатыр. Жалпы денсаулық айлығына флюрографиялық рентген аппаратымен жабдықталған 5 көлік, 2 жылжымалы медициналық кешен және тағы бірнеше құрылғы жұмылдырылыпты. Тұрғындар кардиолог, пульманолог, терапевт, тіс дәрігері, акушер гинекологқа қарала алады.

Алматылықтарға қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында қала әкімінің тапсырмасымен ұйымдастырылған айлық тамыздың аяғына дейін жалғасады. Азаматтардың, әсіресе балалардың денсаулығын нығайту басты міндет. Жылжымалы кешендер қажетті керек жарақпен қамтамасыз етілген. Бір ай көлемінде барлық ауданды осы жылжымалы медициналық көліктер аралап шығады.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров