Алматыда медицина қызметкерлерінің біліктілігі сүзгіден өтеді

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл қаланың әр ауданына ең қажетті медициналық 35 құрал-жабдық 470 миллион теңгеге алынбақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев медицина мекемелерінің бас дәрігерлерінен бастап, мейірбикелердің біліктілігі біртіндеп тексерілетінін кесіп айтты. Өйткені, тұрғындар тарапынан әкімдікке түсетін шағым шаш етектен болса керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұдан-былай кең кабинетте арқаны кеңге салып отыру деген жоқ. Қала әкімі ақ халаттылардың қандай жағдайда жұмыс істеп жатқаны туралы тексеріс жүргізілетінін ескертті.

Басы ауырып, балтыры сыздаған бұқара, дәрігерлерге көңілі толмайтындықтарын жіпке тізіп, әкімдікке шағымды үйіп-төгуде. Сынның бәрін жергілікті билік  арқалаған соң, медицина мекемелеріне тексерісті де қатаңдатпақ. Енді емхана мен ауруханаларды жаңа техникамен ғана толықтырып қоймай, медициналық мекеменің басшыларынан бастап,  мейірбикелердің біліктілігі біртіндеп тексерілмек.  

«Медициналық мекемелердегі дәрігерлердің біліктілігін сүзгіден өткізу керек. Әкімдікке шағым, арыз көп түсуде. Бас дәрігер өзінің атқарып отырған мекемесінде олқылық жібергеннен кейін, осындай келеңсіз жайттар орын алады. Барлық сын әкімдікке түсетін болғандықтан, тікелей қатаң бақылауға алынсын. Мейірбикерлердің жұмыс істеу сапасына дейін қадағалану керек. Сондай-ақ, дәргерлердің жұмыс кабинеттері де тексерілсін. Қажет болса кең кабинеттерден шағын бөлмелерге ауыссын», – деді  Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Бүгінде қаладағы медициналық мекемелердегі құрал-жабдықтың 27 пайызының тозығы жеткені тағы бар. Қазіргі қолданыстағы 30 мың аппараттың 10 мыңнан астамы кез-келген уақытта істен шығуы мүмкін. Олқылықтың орнын толтыру үшін 3 жылға арналған арнайы бағдарлама іске қосылмақ. Аурухана мен емханадан бөлек, жедел жәрдем қызметін 75 пайызға жаңғырту үшін ең алдымен 2 миллиард теңгеге 70 көлік сатып алу көзделген. Сондай-ақ, жылына кем дегенде жүрекке 150 ота жасауға мүмкіндік алу үшін қосымша 25 орын қарастырылады. Ол үшін 1,3 миллиард теңге қаржы жаратылмақ.

«Медицина мекемелерінің деңгейін, дәрігерлердің жөнді медициналық көмек көрсетуін 90 пайызға дейін көтеруді көздеп отырмыз. Сондай-ақ, емхана мен ауруханалардағы құрал-жабдықтарды да 90 пайызға жаңарту жоспарлануда. Мұндай серпін әлі қалада болған емес. Тозығы жеткен техникалар түгелімен ауыстырылады», – деді  Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат ТӨСЕКБАЕВ.

Барлық медициналық мекемелерден шығатын қауіпті деп саналатын қалдықтарды залалсыздандыру стандартқа сай емес екені де айтылды. Биылдан қалмай, қаланың әр ауданына ең қажетті медициналық 35 құрал-жабдық  470 миллион теңгеге алынбақ. Ал келесі жылдан бастап, 2022 жылға дейін 85 миллиард теңгеден астам қаражатқа 4 мыңнан астам жаңа медтехника пайдалануға беріледі.  

Әйкерім Ердәулетқызы, Рашиддин Якупов «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров