Алматыда 1 ақпаннан бастап барлық халықаралық рейстерге санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді.
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда коронавирустық инфекция жағдайларының әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша профилактикалық (эпидемияға қарсы) іс-шаралардың кешенді жоспары іске асырылуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2020 жылдың 3 ақпанынан бастап ҚХР-дан келетін барлық рейстер тоқтатылады. Бүгінгі күнге онға жетпейтін рейстер қалды. ҚХР-дан келетін рейстерді оқшаулау принципі сақталуда. Қытайдан келетін барлық әуе кемелері жеке тұраққа келсе, оның жолаушылары мен экипаж мүшелері әуежайдың жалпы терминалынан тыс арнайы аймақ арқылы өткізіледі.

«1 ақпаннан бастап барлық халықаралық рейстерге санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Әлемнің 26 елінің тұрғындары арасында коронавирустың 160-тан астам жағдайы тіркелген. Бүгінгі таңда әуежайда барлық рейстерді бақылау қамтамасыз етілген», – деді Айзат Молдағасымова.

Қала аумағына келген барлық тұлғалар мұқият тексеруден және термометриялық бақылаудан өтуде. Санитарлық-карантиндік бақылауды күшейту үшін 80 эпидемиолог, 8 бригада дайындықтан өтті. 30-ға жуық эпидемиолог тәулік бойы барлық рейстерді тексереді.

«Алматы халықаралық әуежайы республика аумағындағы ең ірі халықаралық әуежайлардың бірі болып табылады. Күніне 50 рейс келеді. Кейде бір уақытта 5 рейске дейін қабылдайды. Барлық рейстердегі жолаушылардың арасында катаралды құбылыстары бар адамдарды дер кезінде анықтайтын күшейтілген санитарлық бақылау жұмыс істейді», – деді Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова.

Айта кету керек, барлық келушілер бақылауда. Алматы қаласының әуежайы жаңа технологиялы тепловизорлармен жабдықталған. Бортта 2-3 метр қашықтықтан температураны анықтайтын байланыссыз тепловизорлар қолданылады. Әуежайда стационарлық тепловизорлар да жұмыс істейді. Олар техникалық параметрлерге сәйкес температураны алыс қашықтықта өлшеуге қабілетті. Коронавирустық инфекцияға күдікті адамдарды мұқият қарау үшін жеке желдету жүйесі бар фильтрлі аймақтар да қосымша қарастырылған.

«Бортта тексеру ғана емес, анамнез, сауалнама жүргізіледі және барлық рейстер бойынша келгендерге медициналық бақылау толық көлемде жүргізіледі. ДДҰ мәліметтеріне сәйкес, анамнез Қытайдан келген жолаушыларда ғана емес, сонымен қатар коронавирустық инфекция тіркелген елдерден келген басқа да жолаушылардан алынады», – деп түсіндірді А. Молдағасымова.

Зертханалық зерттеулер тек катаральды құбылыстардың симптомдары анықталған жағдайда ғана жүргізілетінін атап өткен жөн.

«Жаппай зертханалық диагностиканы жүргізудің қажеттілігі жоқ. Статистика көрсеткендей, ауру белгілері бар адамдардың 99,9%-да ЖРВИ, түрлі штаммдар тұмауы, қалғандарында түрлі вирустардың бар екені анықталған», – деп атап өтті Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы.

18 қаңтардан бері Қытайдан Алматыға 4904 адам келді. Соның 90%-ы бақылауға алынды. Медициналық ұйымдарда аталған азаматтарды қарау және бақылау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Барлық келгендердің ішінде бүгінде стационарда 7 пациент бар, олардың 5-і ЖРВИ белгілерімен, 2-і байланыстағы ата-ана. Ауруханаға жатқызылған пациенттердің жағдайы тұрақты және олар толық көлемде ем алуда.

Айзат Молдағасымованың айтуынша, жұқпалы ауру белгілері анықталған адамдарға арналған изоляторлар барлық емханаларда (тек стационарларда ғана емес) ашылады. Бұл шешім коронавирустық инфекцияның алдын алу және дер кезінде анықтау үшін қабылданды.

Алматы қаласында жұмыс істейтін ҚХР азаматтарының жағдайын тексеру бойынша жеке жұмыс жүргізілуде. Барлық кәсіпорындарда, оның ішінде жатақханалар, қонақ үйлер, мейрамханалар, кафелер және т.б. рейдтер жүргізілуде.

Жалпы, Алматы қаласы бойынша жағдай тұрақты және ол биліктің бақылауында. Мегаполисте коронавирус жағдайы тіркелген жоқ. А. Молдағасымованың айтуынша, жеке бас гигиенасының қарапайым ережелерін сақтау қажет. Бұл қолды жуу, адамдар жаппай жиналатын жерлерде болмауға тырысу (болған жағдайда маска кию), симптомдар анықталғанда дәрігерге барып, иммунитетті көтеру керек.

Барлық қажетті ақпаратты алу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 call-орталығына хабарласуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі өңірлік штаб құрылған. Өңірлік штаб мегаполис әуежайында коронавирусқа қарсы іс-қимыл шаралардың орындалуын тексерді. Іс-шара барысында вирустық инфекциялардың алдын алу және диагностикалау бойынша санитарлық-карантиндік бақылау жүргізіліп, жергілікті аумақтық органдардың өзара іс-қимыл алгоритмінің іске асырылуы да бақылауға алынды.

Новости партнеров