Астаналық төрт жасар Нұрқәділ Хибадатқа көмек керек. Үйінде үш қыздан кейін өмірге келген ұл балаға отандық дәрігерлер «Бёркит лимфомасы» немесе «Аш ішек пен тоқ ішектің қатерлі ісігі» деген диагноз қойған. Ал ата-анасы бауыр еті баласының өмірін сақтап қалу үшін бар жиған-тергенін сатуға қойған. Емделмесе қан жолдары жілік майы мен ми-жұлын сұйықтығына тарап, жеткіншек бірнеше айда жазым болуы мүмкін екен. Қазіргі таңда Түркияда ем қабылдап жатқан баланың анасына дәрігерлер тиісті ем-дом қабылдаса толық жазылып кететінін айтқан, деп жазады Almaty.tv тілшісі.
Қымбат медициналық құралдың қасында ойнап отырған – Нұрқәділ Хибадат. Төрттегі балақай Түркияның Анкара қаласында «Аш ішек пен тоқ ішектің қатерлі ісігі» деген дерттен емделіп жатыр. Нұрқаділге бірінші рет иммунотерапия жасалған. Жағдайы жақсарғанымен, әлі бес терапия процесінен өту керек екен. Бірақ оның бәріне қыруар қаржы керек дейді анасы. Жалпы, ем-домға қажетті сомаға әлі 74 мың АҚШ доллары жетпейді.
«Алғашқы тиісті емдеу курсынан өтті. Бір апта иммуннотерапия курсын алды. Енді бір апта демалыстан кейін екінші курсты жалғастырады. Дәл қазіргі уақытта баламның жағдайы жақсы», – дейді Нұрқәділдың анасы Жұлдыз АЛПАМЫС.
Диагноз Нұрқәділге өткен жылы қойылыпты. Содан бері отандық дәрігерлер екі ота жасаған. Бірақ дерт өршіп, ісік одан әрі ұлғайған. Сондықтан Нұрқәділдың әкесі Амандық Хибадат халықтан көмек сұрайды.
«Баламның емі әрі қарай тоқтап қалмас үшін және баламның өмірін аман алып қалу үшін еліміздегі қайырымды жандардан, қалталы азаматтардан көмек сұраймын. Бәлкім, бір көмек болып қалар деген ниет бар. Қайырымды жандар балапанымды құтқаруға көмек қолын созса деймін», – деп көмек сұрайды Нұрқәділдің әкесі Амандық ХИБАДАТ.
Енді үш айға созылатын алты химиялық процестен кейін жілік майын ауыстыру отасы күтіп тұр. Түркиялық мамандар бұл үшін кем дегенде тағы 40 мыңнан 65 мың долларға дейін қаржы сұратқан. Бүлдіршіннің өміріне араша болғысы келетін азаматтар үшін Амандық Хибадаттың есепшоты экранда көрсетулі. Жалғыз ұлының өміріне алаңдаған әке оған дейін елдегі түрлі қорлар мен ұйымдарға хат жазбақшы.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана