Алматы қаласының әкімдігі шаһардың денсаулық саласына мықтап ден қойды. Осы орайда медициналық мекмелерінің саны артып, халыққа қадамдық қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Қаланың шалғай аудандарындағы амбулаторлық-емханалық мекемелердің жаңа нысандары бой көтермек. Түрксіб ауданында 500 орындық, Жетісу ауданында 240 адамға арналған және Наурызбай ауданында 500 адамдық емхана салынады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бұл өте өзекті мәселе деп есептеймін. Себебі Алматы қаласының күннен күнге халықтың саны артып келе жатыр. Соған байланысты көп жерлерде заманауи талапқа сай ауруханалар, емханалар салынуы керек», – деді қалалық кардиологиялық орталығының бас дәрігері Алмат Қодасбаев.
Мамандардың айтуынша, әлемдік пандемия кезінде денсаулық сақтау мекемелерінің санын көбейту – халықтың саулығына қосар зор үлес. Осы ретте Алматы қаласында тоғыз отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жоспарланып отыр.
«Медициналық мекемелердің санын көбейту – медициналық көмектің қолжетімділігіне үлкен үлес қосады. Кез-келген біздің тұрғын медициналық көмекті дер кезінде, яғни қолжетімді түрде сапалы медициналық көмекке ие болады. Осы тараптан медициналық нысан санын көбейту өте орынды», – деді Алғашқы медико-санитарлық көмек және реабилитациялық қалыптастыру медицина мамандары қауымдастығының президенті Ержан Өтеулиев.
Одан бөлек, биыл қала емханаларында күрделі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарымен қоса сейсмикалық нығайту шаралары тиісінше жолға қойылды. Ал медицина қызметкерлері үкіметтің ұсынып отырған бұл жобасын жан-жақты қолдауға әзір екенін жеткізді.
«Бұл – өте дұрыс және дер кезінде қабылданған шешім деп санаймын. Өз тарапымнан бастаманы барынша қолдауға дайынмын. Себебі халықтың сұранысы мен уақыттың талабына бәріміз жабылып жауап беруіміз керек», – деді «БМСК Денсаулық сақтау қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлнар Мұхамеджанова.
Бұл бастама – қала мен жақын маңдағы аудандардың тұрғындарын қолжетімді және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жоғары технологиялық медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік бермек.
Жанар Ғаниқызы, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы