|
30.05.2024 | 19:42
406

ЖИТС: Алматыда дені сау 85 сәби өмірге келді

ЖИТС орталығында ВИЧ-инфекциясын жұқтырды деген диагнозбен 1600-ге жуық әйел есепте тұр

ЖИТС: Алматыда дені сау 85 сәби өмірге келді Almaty.tv

Алматыда ВИЧ инфекциясын жұқтырған әйелдердің 99 пайызы өмірге дені сау бала әкеледі. Қалалық ЖИТС орталығының мамандары жылына адамның иммун тапшылығы вирусы диагнозымен 85 ана диспансерлік есепке алынып, аман-есен босанғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы қалалық ЖИТС орталығында ВИЧ-инфекциясын жұқтырды деген диагнозбен 1600-ге жуық әйел есепте тұр. Мамандардың айтуынша, олардың 1200-і өмірге бір емес, бірнеше сәби әкелуге қабілетті. Ал нәрестенің сау болып тууы үшін дертті ерте анықтау маңызды. Ол үшін жүктілік кезінде болашақ аналар екі реттік жоспарлы тестілеуден өтеді. Егер сынама оң нәтиже берсе, дәрігерлер бірден терапия тағайындайды. 9 ай бойы бақылауда болып, тиісті препаратты уақытылы қабылдау – науқастың қанындағы вирусты 2-ден 0 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.    

– Баланы аман-есен босандырудағы мақсат – дәрі ішкен адамның қанында вирустың мөлшері өте төмен деңгейде болады. Анықталмайтын деңгейде болады. Егер қанда вирустың мөлшері анықталмайтын деңгейге жетсе, ол плацентаға, яғни балаға жолдас арқылы өтпейді. Дұрыс бақылауда болған әйел 100 пайыз дені сау баланы өмірге әкеле алады, – деді ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының инфекционист дәрігері Айгерім Әлімбекова.

Сәби дүниеге келгеннен кейін де дәрігерлер жағдайды жіті бақылауда ұстайтынын айтады. Жаңа туған шақалақ бірден есепке алынып, ананың емізуіне тыйым салынады. Орнына емханалар жасанды сүт қоспасымен қамтамасыз етеді. Осылай бала бір жарым жасқа жеткенше толық тексеріліп тұрады. Ал қан сынамаларының теріс нәтижесі сәбидің сау екенін білдіреді.

– ВИЧ инфекциясы әйел босанғаннан кейін де балаға жұғуы мүмкін. Вирустың алдын алу үшін ең алдымен аналарға омыраумен емізуге рұқсат етпейміз. Өйткені науқас әйелдің сүтінде иммун тапшылық вирусы көп мөлшерде болады. Кейін нәресте есепке алынып, оған 40 күн бойы профилактикалық шәрбат беріледі. Толық бақылаудан соң 1,5 жасында есептен шығарылады, – деді ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының инфекционист дәрігері Айжан Қалбаева.  

Шаһарда жыл сайын орта есеппен 35 сәби есептен шығарылады. Аналардың толық жазылып кетуі мүмкін болмаса да, арнайы дәрілер вирустың көбеюін тоқтатып, қалыпты өмір сүруге жәрдемдесетін көрінеді. Дәрігерлер «мамандар көмегіне ерте жүгінген жөн» дейді. Бұл ретте инфекционистер өмір сүру салтына байланысты қауіп тобындағы адамдардың вирустан өзін саналы түрде қорғай бастағаны қуантатынын айтты. Бұл соңғы 10 жылда  ЖИТС-тен өлім-жітім көрсеткішінің 1,7 есе төмендеуіне себеп болып отыр.  

Алматыда адамның иммундық тапшылық вирусын емдеуге бағытталған 12 профилактикалық бағдарлама енгізілген. Негізгі мақсаты – инфекцияның алдын алу. Яғни медицина қызметкерлері қауіп тобындағы азаматтарға антиретровирустық препараттарды қабылдауға кеңес береді. Қазір қала бойынша 600-ден аса азамат осындай дәрілерді тегін алады.

Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Көкжөтелді қалай емдеуге болады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир