Елімізде енді 9 айлық сәбилер де жаппай қызылшаға қарсы егілетін болады

Елімізде енді 9 айлық сәбилер де жаппай қызылшаға қарсы егілетін болады
Алматыда мұндай сәбилердің саны 40 мыңға жуықтайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

1 сәуірден бастап Қазақстанда 9 айлық балаларға қызылшаға қарсы екпе жасалмақ. Аталған дерттің дендеуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі қосымша 478 мың доза вакцина сатып алды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы тұрғыны Гүлзия Әлиева бір жасқа толған немересін қызылшаға қарсы екпе салдыру үшін емханаға алып келді. Айтуынша, барлық баласы мен немерелері вакцинаны уақытылы алып тұрады екен. Соның себебі болар, сәбилер ешқандай дертке шалдықпаған.

«Мен 5 баланың анасымын. Балаларымның бәріне екпе салдырғанмын. Ал, бүгін немеремді әкелдім. Өзге балаларым екпеден кейін ауырған жоқ, сондықтан оны салдырудан қорықпаймын, бәрі жақсы болады», - дейді Гүлзия ӘЛИЕВА.

Осылайша 1 сәуірден бастап елімізде 9 айлық балаларға вакцина егу басталмақ. Алматыда мұндай сәбилердің саны 40 мыңға жуықтайды екен.

«Бұрын қызылшаға қарсы екпені 1 жаста және 6 жаста егетінбіз. Қазір байқасақ инфекциялық клиникаларға негізінен 1 жасқа дейінгі балалар жиі түсіп жатады. Сондықтан, вакцинацияны 9 айлық сәбилерден бастамақпыз», - дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының бас маманы Эльвира ИБРАГИМОВА.

Елімізде қызылша дертінің дендеуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі сәуір айынан бастап 20-29 жас аралығындағы жастарға да қызылшаға қарсы екпе егеді. Мұндағы мақсат –сәбилердің құрсақта пайда болған кезінен бастап қызылшаға қарсы иммунитетін қалыптастыру.

Алматыдағы 20 мен 29 жас аралығындағы жастардың 70 пайызына екпе егіледі. Бұл – 300 мыңнан астам адам. Жалпы 9 айлық балалар мен ересектерге екпе салу үшін қала бойынша тағы 60 мың доза вакцина әкелінеді.

«Бұл вакциналар Үндістанда жасалған. Біз оны соңғы 6-7 жылдан бері қолданып келеміз. Алматы қаласы бойынша бірде-бір рет кері әсері болған емес. Сондықтан, барлық ата-аналарды қорықпай екпе жасатуға шақырамыз», - дейді Э.Ибрагимова.

Екпе бірінші кезекте балаларға, жастарға және барлық медицина қызметкерлеріне жасалады.

Айта кету керек, қазір Алматыдағы емханалар екпе бөлмелерінде балаларға қолайлы жағдай жасауда. Балақайлар екпеден қорықпас үшін күтетін дәлізде арнайы ойын зонасы бар. Ал, кабинеттерде түрлі-түсті ойыншықтар мен музыкаға дейін ойнап тұрады. Ақ халаттылар ата-аналарға өз емханаларына барып, тегін вакцина алуға кеңес беруде.

Айта кетсек, осы жылдың басынан бері елімізде қызылшамен ауырған 3 жарым мың адам тіркелген.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров