Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыда басы дауға қалған дәрігерлерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, оңтүстік шаhардағы №4 ауруханасының бас дәрігері Қанат Тезекбаев пен аталған медициналық мекеменің анестезиологы Асқар Тұңғышбаев Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлімі бойынша, яғни кәсіби міндеттерін дұрыс орындамады деген күдікке ілінген болатын.
«Алматылық дәрігерлерге қатысты айтар болсам, науқастың жағдайы қиындап, арты қайғылы жағдаймен аяқталса, бұл жағдайды заңнамалық контексте ғана қарау қажет. Тиісті механизм бар. Қылмыстық іс қозғалып отыр. Тергеу жұмыстары барлық заң талаптарына сай жүргізілуі керек. Толыққанды сараптама жүргізілуде. Дәрігерлердің қателігі болды ма? Болған жағдайда да, сол олқылық науқастың өліміне әкеп соқты ма? Эмоциясыз, заңнамалық талап бойынша тергеу жүргізілуі тиіс. Президентіміздің тапсырмасы бар. Біз және басқа да уәкілетті органдар бұл жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Бірақ, тағы да ескертіп айтамын, тергеу жүргізу Денсаулық сақтау министрлігінің құзіретінде емес», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.
Министр осындай жағдайларда бірден ақ халаттыларды бас бостандығынан айыру дұрыс емес деген пікірде. Себебі білікті болғаннан кейін дәрігерлер әрі қарай жұмыс істеуі тиіс. Осы ретте Елжан Біртанов «Дәрігерлер мәртебесі туралы» заң жобасы болмайтынын жеткізді. Оның орнына заңға қарағанда деңгейі жоғары арнайы кодекс әзірленгені мәлім болды.
«Біз денсаулық сақтау бойынша арнайы кодекс әзірледік. Өткен аптада Үкімет қажетті қаулыны қабылдады. Жобасы бүгін Парламентке өткізіледі. Демек келесі аптадан бұл мәселені Парламенттің ішінде талқылаймыз. Дәрігерлердің және медициналық қызметкерлердің мәртебесі бойынша ұсыныстар жаңа кодекс жобасына енгізіліп отыр. Кодекс жобасын талқылау барысында соңғы жағдайлар көтерілген. Ақ халаттылардан, қоғамдық ұйымдардан ұсыныстар келіп жатыр», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.