Алматы ауруханаларында цифрлық жүйе қалай іске асып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
№7 клиникалық ауруханада күн сайын 300-ден аса адамға шұғыл көмек көрсетіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы ауруханалары цифрлық жүйеге көше бастағалы биыл 6 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында қаладағы емханалардың көпшілігі цифрлық жүйеде жұмыс істеп келеді. Сондай емдеу орталықтарының бірі – №7 клиникалық аурухана. Бүгінде мұнда екі мыңға жуық маман қызмет атқарады десек, қабылдау пунктінің өзінде күн сайын 300-ден аса адамға шұғыл көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

№7 қалалық клиникалық аурухананың толықтай сандық форматқа ауысқанына 6 айдан аса уақыт болған. Жыл басынан бері емдеу орталығы науқастарды тек жеке куәлігі арқылы қабылдап келеді. Емделушінің ауруханаға келгеннен бастап, толық қаралып болғанға дейінгі аралықтағы іс-әрекетінің барлығы электронды түрде дерек қорға түсіп отырады. Ал дәрігерлер қажетті ақпаратты жеке компьютерінен көреді. Тіпті емханадағы науқастар рентген парақшасын тасып әуре болмайды.

– Алғашында науқастар рентген аппаратына түскеннен кейін, барып көретінбіз. Қазір жұмыс кабинетіндегі монитордан көре аламыз. Жұмысымызды жеңілдетіп жатыр, – деді хирург Балқыбек Жаңбырбай.

Уақытты үнемдеп, зерттеу жұмысын жүргізуге қолайлы жағдай жасайтын жүйе дәрігерлерді қағазбастылықтан арылтқан. Тіпті сандық форматты қолданатын мамандар күніне ауруханаға қанша адам келетінін, оларға көрсетілетін қызмет түрінің сапасын алдын ала бақылап, қажетті қаржы мөлшерін бағамдап отырады.

– Көктем, қыс және күз айларында аяқ-қолын сындырып алатындар көбейеді. Мерзімдік аурулар дейміз, травмотологияға қанша науқас түсетінін алдын ала статистикасын шығарып, жоспарлап отырамыз. Науқастардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырамыз, – деді №7 қалалық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Мақсат Мамырқұл.

Науқастың қан талдамасын да электронды түрде қарауға болады. Ал медбикелер қан сынамасын алып болған соң, оны зертханаларға тасып әуреленбейді. Құтыдағы сұйықтықты арнайы сорғыш құралдың көмегімен орталыққа жіберіп, жауабын лезде онлайн түрде алады.

Еске салайық, бірнеше жылдан бері аурухананың қабылдау пунктінде түстер арқылы көмек көрсету жүйесі де жұмыс істеп тұр. Емханаға түскен науқастың өміріне қауіп төніп тұрса, қызыл білезік, орташа болса сары, жағдайы салыстырмалы түрде жеңіл болса жасыл білезік тағылып, соған сай көмек көрсетіледі.

Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Артық салмақ: халықтың 41 пайызы семіздікке шалдыққан

Новости партнеров