Алматыда Олжас Сүлейменовтің бастамасымен фармацевтикалық зауыттың құрылысы қолға алынды. Жоба жоспар бойынша іске асса, жылына 10 жарым миллион дана дәрі-дәрмек шығара алады. Зауыт тек жергілікті ғана емес, республика көлемінде қазақстандықтарды медициналық перпараттармен қамтуды көздейді. Ал, жұмысы жандана түссе алыс-жақын шетелдерге өнімдерін экспорттауды жоспарлап отыр. Өндіріс орнында қандай дәрі-дәрмек түрін шығарады? Құрылысы қашан аяқталады? Зауытқа барып келген Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың материалы.
Жобаның бастамашысы – халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов. Ұлт тағдыры жолында ерлік жасаған ұлы тұлға пандемия кезінде өзекті мәселеге айналған дәрі тапшылығына бей-жай қарай алмағанын айтты. Осылайша мемлекет және қоғам қайраткері отандық фармацевтика саласын жаңа сатыға көтеруге мұрындық болып отыр. Ол елімізде өндірілген препараттар халықтың қажеттілігін толық өтей алмай жатқанын жеткізді.
«Біздің қорымыз «Био-Еуразия» атты Үкіметтік емес ұйым ұйымдастырды. Елде болып жатқан жағдайды бақылай келе, «бұлай жалғаса беруіне жол бермеу керек. Дәрі-дәрмекті өзіміз шығарамыз»,– деген шешімге келдік. Бірақ зауыт жаңа дүниежүзілік жүйемен жұмыс істейтін болады. Мұндай жобаны алып шығу оңай болмады. «СҚ-Фармациямен» келісім-шартқа отырдық. Елдегі дәрі-тапшылығына үкіметтің назар аударғаны, әрине, жобаның мақұлдануына оң әсер етті», – деді Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов.
Қазір жоба жеке инвесторлардың қолдауымен іске асуда. Зауытта қабынуға қарсы, жүрек және қан-тамыр жүйесінің дәрі-дәрмектері, плазма алмастырушы перпараттар, антибиотиктер өндірілетін болады. Осылайша еліміздегі фармацевтика саласында тапшы препараттардың үлкен үлесі осы мекемеде шығарылмақ. Игі бастамаға үлес қосуға халықаралық GMP, GCP сертификаттарына ие инфекцияға қарсы перпараттар ғылыми орталығының мамандары ниет білдіріпті.
«Біз кеңес беру қызметтерін көрсетеміз. Осы фармацевтикалық кәсіпорынмен өнім сапасын бақылау жағынан, құрылыс пен өндірісті ұйымдастыру сатысында одан әрі ынтымақтасатын боламыз», – деді «Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығы» АҚ төрағасы Александр Ильин.
Зауытта 231 қазақстандық тұрақты жұмысқа орналасады. Ал, техникалық мамандарды дайындау үшін Украина, Үндістан, Қытай елдерінен мамандар тартылмақ. Жоба толығымен 60 ай көлемінде жүзеге асады.
Сымбат Ноғай, Сағындық Нарықов,«Алматы» телеарнасы