Алматыда жаңа туған нәрестелерді емдейтін сала мамандары жетіспейді. Неонатологтан бастап, анестезиологтарға дейін тапшы. Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының қызметкерлері бүгін Сенат депутаттарына осылай деп мұң-мұқтажын жеткізді. Дәрігерлер бұдан өзге қандай мәселелерді көтерді? 10 күндік іс-сапармен Алматыға келген халық қалаулыларының алғашқы жұмыс күнімен Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке таныстырады.
Ана мен бала денсаулығының күтіміне ерекше ден қойған халық қалаулылары ең алдымен Перинатология және балалар кардиохирургия орталығына ат басын бұрды. Оларға бірегей қондырғы ангиографиялық жабдықтың көмегімен жасалатын ең күрделі деген ота түрлері таныстырылды. Жуырда ғана қан ұйығы пайда болған жүкті әйелге дәл осы құрылғымен сәтті операция жасалды.
«Тромб егер жүрекке кетіп қалса, қиын жағдай болады екен. Соны маған ескертті. Операция жасауға келісім алды, бәрін сұрап жасады. Келістім, өмір керек. Екі балам бар, құдайға шүкір, оларға ана керек», – деді қала тұрғыны Нельфар Пәтешова.
Сенат депутаттары орталықтың жетістіктерінен де, кемшіліктерінен де хабардар болды. Дәрігерлердің өзі бүгінде осы салаға аса қажет маман иелерінің жетіспей жатқанын айтып налыды.
«Біздің орталыққа балалар ритмологы, неонотологтар, перфузиологтар мен анестезиологтар жетіспейді. Кездесуде осының бәрі айтылды. Сенат депутаттары бұл түйткілдерді жоғары жақта көтеріп, шешіп беретініне сендірді», – деді қалалық Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Ғани Бодықов.
Бұдан бөлек, сенаторлар балалар кардио хирургиясы бөлімшесі мен реанимация және неонатальды бөлім жұмысымен танысты. Дәрігерлердің біраздан бері көкейінде жүрген мәселелері көптің алдында сөз болды. Осы күні еліміз үшін қысылтаяң кезеңде тоқтаусыз жұмыс істеген ақ халаттылардың талап-тілегі тыңдалды.
«Үлкен орталық. Ішінде барлық осы заманғы жабдықтың бәрі бар. Барлық жағдай жасалған екен. Бірақ 5 жылдан бері МРТ аппаратын алу туралы мәселе көтеріліп келе жатыр екен. Бұл да шешімін табатын болады деп ойлаймыз, осы сапардан кейін... », – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Халық қалаулылары, сондай-ақ, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінде жаңадан ашылған Вагенген институтының ашылу салтанатына қатысты. Білім саласында аграрлық ғылымның ең үздігі саналатын Нидерланды корольдігіндегі бұл оқу орнының 2 бағдарламасы қазір трансферт ретінде осы білім ошағында оқытылады. Бірінші мамандық – азық-түлік қауіпсіздігі-ветеринария, екіншісі – өсімдіктер туралы. Тікелей екі ел арасында онлайн режимде өтетін сабақтарды ғалымдар сол елдің институт базасындағы бағдарламаға, методикаға, технологияға сәйкес жүргізеді.
«Бүгін агротехнологиялық хабтың жанындағы 8 инновациялық орталық, 6 ғылыми-зерттеу институты, 49 зерттеу лабораториясы, сонымен қатар, 18 халықаралық жобаларды жүзеге асырып отырмыз», – деді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Тілектес Есполов.
Тағы бір айта кететіні, пандемия жағдайында Университеттегі Халықаралық вакцинология орталығы екі бағыт бойынша вакцина жасауды мықтап қолға алған. Сенат депутаттары іс-сапар шеңберінде жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен де танысып шықты.
Сая Меңдеке, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы