Әлемде холера ауруы дендеп барады. Қазірдің өзінде бұл індетпен 22 мемлекет күресіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал ақпан айының басында тырысқақтың тарағаны туралы 18 ел хабарлаған еді. Бұл туралы мәлімдеген Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы кеселдің жұғу қаупі жоғары деп дабыл қағып отыр.
«Негізі холера қауіпті ауруға жатады. Жұғу жағдайына тоқталсақ, оның инкубациялық кезеңі бар. Бұл ауру 2-3 күнде тарайды. 2-3 күннен кейін симптомдары біліне бастайды. Басты белгілерінің бірі – диарея. Яғни, адамның іші өтеді. Оны адамдар түсіне қарап біледі. Түсі ақ және сұйық. Тура күрішті пісіріп, жуып, суын төккенде крахмал шығып, суы ақ болып тұрады ғой. Дәл сондай диарея болады. Сосын адам құсады. Осылай қысқа уақытта адамның денесіндегі сұйығы шығып кетеді. Содан кейін адамның денесіндегі натрий мен калиум деген элементтер шығып кетеді. Басты қауіпті жағдай – осы. Сондықтан науқастарға бірден сұйықтық құйып, суын беріп, калий, натрийларды қосып бергенде адам баласының жазылып шығу мүмкіндігі артады. Негізі, адамды дер кезінде емдесе, олардың өлімі өте аз. Егер, емделмеген адамдар болса, жағдайы нашар, денсаулығы нашар болса, дамымаған елдерде, онда өлім деңгейі 70-80 пайызға дейін көтеріліп кетуі мүмкін. Бірақ бұл – ауырып қалған, симптомы анық бар адамдар. Алайда 80 пайыз адам симптомы білінбейді. Яғни олар ауырады, бірақ белгісін байқамайды. Денеден сұйықтықпен шығарып жібереді. Мұндай адамдардың қатарында қайтыс болу жоқ. Сондықтан, бірден айтуымыз керек, адамнан адамға жұқпайды. Жұғатын жолы – қолмен беріледі, тамақпен жұғады, әсіресе, су арқылы тарайды. Шетелге келсек, даму деңгейі төмен, соғыс болып жатқан жерлерде, жылы елдерде өте көп тарайды. Сондықтан, пандемия әкеледі деген сұрақ тумауы керек. Эпидемия 2017 жылы болды. 1 елде болуы мүмкін. Бірақ ол басқа елдерге тарағанымен, әлемді пандемия жайлайды деген қорқыныш тумауы керек», – деді терапевт, Еуропадағы қазақ дәрігерлері қауымдастығының жетекшісі (Швейцария)
Есте болса, коронавирус тараған кезде артынан холера тарайды деген бейресми ақпараттар болған еді.
«Еуропада бір сөзбен айтсақ, тыныш. Егер де, шетелге барып, қарым-қатынаста болып, 2-3 күнде үйіне келіп, ауырып қалатын жағдай болса, онда оларды бірден боксқа орналастырып, изоляция жасайды. Сондықтан бұл адамнан адамға ауа арқылы, жөтелмен тарамаған соң, оңай алдын алуға болады. Ең бастысы – гигиена. Су тазалығы. Біздің айтарымыз – суды қайнатып ішу керек. Өйткені, суды қайнатқанда холераның барлық бактериясы өледі. Тамақты пісіргенде дұрыс пісіру керек. 100 пайыз барлығы дұрыс пісуі керек. Бірақ адамдар бар ғой, қаны бар ет жейтін. Сондайлардан тарап кетуі мүмкін. Бірақ Еуропада бүкіл елде тарап кетеді деген бізде мәселе тұрған жоқ. Ал енді бүкіл дүние жүзінде, 18 елде деп жатырсыздар, ол жылда болатын жағдай. Пандемия болғанда, мүмкін оған адамдар көңіл аудармады. Бірақ коронавирус кезінде көп аурулар басылып қалды. Сол вируспен ауырып, сол вирусты емдеп, сол кезде барлығы гигиенаны жоғары деңгейде сақтады. Ал гигиена бар жерде осындай көп жұқпалы ауру тараған жоқ. Алайда мына коронавирустың оған еш қатысы жоқ. Ковидтің салдары тиіп жатыр деген шындыққа жанаспайды. Жылда 4 миллионға дейін адам ауырады. Сондықтан ол мүмкін емес», – деді Серік Тұрсын.