Қазақстанда сүйектері морт сынғыш балаларды емдей бастады

Қазақстанда сүйектері морт сынғыш балаларды емдей бастады
Қазақстанда «жетілмеген остеогенез» диагнозымен 78 бала тіркелген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұған дейін осындай дертке шалдыққан бүлдіршіндерге ем-дом алу үшін ата-аналар шетел асып, шығындалатын. Енді елордадағы «Ана мен бала» орталығының дәрігерлері көмек көрсете алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Ирина  Плужниктің қызы Таиса 7 жаста. Осы уақытқа дейін сүйектері 15 жерден сынған. Дәрігерлер қойған диагноз - «жетілмеген остеогенез». Оның бір ғана арманы бар. Ол – өз аяғымен жер басып жүру.  Ол әр қимылына сақ, тіпті түшкіруден де қорқады. Сол себепті осы бұрышта отырады. Бұған дейін Таисаға 8 рет ота жасалған.  

«Дәрігер Белова қызыңыздың жүру мүмкіндігі бар деді. Жұмыс істеңіз деп кеңес берді. Болашақта жүгіріп кететініне сенімдімін. Арқасына, аяғына, бұлшық еттеріне жаттығулар жасай беру керек», - деді анасы ИРИНА ПЛУЖНИК.

«Жетілмеген остеогенез» ауруына шалдыққандарды ел арасында «хрусталь адамдар» деп те атайды. Оларда коллаген мөлшері жеткіліксіз болғандықтан, сүйектері әлсіз немесе сынғыш келеді. Бұл – шамамен 10 мыңнан 20 мыңға дейінгі адамдар арасында біреуінде кездесетін науқас. Ал, Қазақстанда бүгінгі таңда «жетілмеген остеогенез» диагнозымен 3 ай мен 16 жас аралығындағы 78 бала тіркелген. Мұндай дертке шалдыққан науқастарды емдеу әдістерін қазақстандық дәрігерлер ресейліктерден үйреніп алыпты.

«Біз үйрендік деп ойлаймыз. Барлығын өзіміз қолға аламыз. Денсаулық сақтау министрлігі мен осы орталық осы балаларды қадағалап тұрамыз. Қалған уақытта өз мерозімінде жайлап бір бала ма, екі бала ма, қай уақытта  өз мерзімі болады, сол кезде осы жерге келіп ем алып тұрады», - деді «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары Венера АЛТЫНОВА.

«Ана мен бала» орталығының дәрігерлері 25 балаға инфизия жасап көрген. Оның ішінде ең кішкентайы 3 жарым айлық нәресте. Нәтижесі бірден білінбейтіндіктен ары қарай ол балалардың жағдайы қалай болатынын нақты айта алмайды.

«Барлық 25 баланың ағзасы жақсы шыдады. Ешқандай қиындық тумады. Ең кішкентай науқас Қарағанды қаласынан болды, бар болғаны 3 жарым айлық бала. Егер баланың жасы кішірек болса, соғұрлым бұл терапияға жақсы шыдайды», - дейді «Ана мен бала» орталығының бөлім меңгерушісі Айгүл ИБРАЕВА.

Бастысы Таиса секілді бұл дертке шалдыққан балалардың кеудесінде үміт оты тұтанды. Генетикалық ауруды толығымен емдеп шығу мүмкін емес. Дегенмен олардың жағдайын жақсартуға болады. Ол үшін бюджеттен қомақты қаражат та бөлінген.

Новости партнеров