Елімізде сақтандырылмаған екі жарым миллион адам 1 шілдеге дейін медициналық қызметті тегін пайдаланады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол үшін қордың ішкі резервінен 20 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл қаржы компьютерлік томография, магнитті резонансты томография сынды құны қымбат анализдерді тегін тапсыруға қажет. Айта кетейік, елімізде 16 миллионан астам адам сақтандырылған. Оның 11 миллионға жуығы әлеуметтік жағынан аз қамтылған санатқа жататындықтан бюджет есебінен қаржыландырылады. Қор биыл еліміз бойынша 1250-ден аса мекемемен келісім-шартқа отырған. Оның 600-ы жекеменшік. Ал 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін қорға Алматы қаласынан 60 миллиард теңге жарна аударылған.
«Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың басында енгізілді. Әуелде жылдың басында бастапқы үш айы өтпелі кезең ретінде жарияланды. Себебі жаңа жүйе болғандықтан, әртүрлі сұрақтардың туындайтыны рас. Өтпелі кезең осындай мәселелерді шешіп, тұрғындардың жаңа жүйені бағалап, оның артықшылығын сезіну үшін енгізілген болатын. Шілденің біріне дейін сақтандырылмаған тұрғындар міндетті әлеуметтік медициналық пакетті пайдалана алмайды», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Алматы филиалының директоры Нұрлыбек ҒАБДЫҚАПАРОВ.
Бірақ бұл сақтандыру жүйесіне енбеген азаматтар медициниалық көмектен толықтай қағылады дегенді білдірмейді. Қазақстанда мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмек бар. Яғни, шұғыл жағдайларда кез келген адамға көмек берілуі тиіс. Оның қатарында жедел-жәрдем көмегіне жүгінуге болады. Сондай-ақ, созылмалы, қауіпті және әлеуметтік маңызы бар аурулар тегін емделеді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.