Реформаға көшуге еліміз тастүйін дайын дейді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Оның айтуынша, мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жұрт жиі пайдаланатын, сұраныс жоғары медициналық қызметтер қолжетімді болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2020 жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 1 жарым есеге артады. Яғни бюджеттен 1,6 трлн теңге бөлінеді. Қаржыландыру көлемі көбейген соң, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ясында ақылы тексерулер, белгілі бір аурулар тізімі бойынша немесе жеңілдік жасалған санаттарға ғана көрсетілетін медициналық қызметтер қолжетімді болады. Сонымен қатар мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 санат бекітілген. Бұл санатқа енбейтіндер өздерін сақтандырулары үшін қаражат салып тұрулары керек. Егер 1 сәуірге дейін шартты түрде сақтандырылмаса, медициналық көмек алуда кедергілер туындауы мүмкін.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Заңына сай, барлық азаматтар бұл төлемді жүргізуге міндетті екенін айтқым келеді. Ол үшін белгілі механизмдер қарастырылған. Егер өзіне төлем жүргізетін адам медициналық мекемеге жүгінген жағдайда еш кедергісіз қажетті көмек ала алатын болады. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек сол күйінде қалады. Бұл пакетке медициналық қызметтердің негізгі түрлері кіреді», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.