Алматы қаласының дәрігерлері 60 жастағы пациентті аман алып қалды
Алматы қаласындағы №7 қалалық клиникалық ауруханаға операциядан кейінгі жаппай қан кетумен 60 жастағы әйел шұғыл түрде жеткізілді. Пациенттің туыстарының айтуы бойынша, бұған дейін ол қаладағы жекеменшік клиникалардың бірінде хирургиялық ем алған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Пациент ауруханаға ес-түссіз жағдайда түсті. Қан жоғалту көлемі 1,7 литрді құрады. Әйел бірден операциялық бөлімге жеткізілді, себебі әр минут шешуші маңызға ие болды.
«Пациент геморрагиялық шок жағдайында түсті. Уақыт өте тығыз болды. Шұғыл операция барысында біздің проктолог дәрігерлер қан кету көзін тоқтатып, қажетті хирургиялық көмекті көрсетті және пациенттің жағдайын тұрақтандырды», — деді №7 ҚКА-ның директоры, PhD докторы Нұрдос Қадырбеков.
Операциядан кейін пациент бір тәулік бойы жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде өкпені жасанды желдету аппаратында болды. Оған қажетті гемотрансфузиялық терапия мен кешенді ем жүргізілді. Проктолог-хирургтердің, анестезиолог-реаниматологтардың және қан қызметі мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында пациенттің жағдайы тұрақтандырылды.
Пациенттің айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы III–IV дәрежелі геморроймен ауырып, әлеуметтік желілер арқылы білген шетелдік мамандар жұмыс істейтін жекеменшік клиникада операция жасатуға шешім қабылдаған.
«Маған лазерлік операция жасалады, 15 минуттан кейін орнымнан тұрып кете аламын деп айтты. Операция алдында ешқандай күрделі тексерулер жүргізілген жоқ. Ота кезінде өзімді жайсыз сезініп, жүрегім қатты соға бастады. Уәде етілген процедураның орнына дәрігерлер күйдіріп, скальпельмен кесіп, тігіс салды.
Операциядан кейін үш күн бойы таңуға барып жүрдім. Қатты ауырсыну, әлсіздік, жүрек айну және бас айналу белгілеріне шағымдандым. Бірақ маған мұның қалыпты жағдай екені айтылды. Үйге оралғаннан кейін кенеттен қатты қан кете бастады. Қан соншалықты көп ақты, тіпті жақындарымды жедел жәрдем шақыруға әрең шақыра алдым», — деп еске алды пациент.
Қазіргі уақытта пациенттің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.