Алматы ОҚКА дәрігерлері ампутация қаупі төнген науқастың аяғындағы қан айналымын қалпына келтірді

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері қан тамырлары қатты зақымданған науқастың оң аяғындағы қан айналымын қалпына келтірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қант диабеті, ұзақ уақыт бойы іріңдеу және артериялардың толық бітелуі салдарынан науқастың аяғына ампутация жасау қаупі төнген.

Ер адам ауруханаға шұғыл түрде жеткізілген болатын. Науқастың айтуынша, іріңдеу шамамен бір жарым айға созылған. 

Қант диабеті жағдайды қиындатып, қан тамырларының зақымдану қаупін арттырған және жараның жазылуын баяулатқан.

Тексеру нәтижесінде оң аяқтың артериялары толық бітелгені анықталды. Соның салдарынан тіндердің қанмен қамтамасыз етілуі бұзылған. Дәрігерлер ангиография жүргізіп, кішкентай тілік арқылы эндоваскулярлық араласу жасады.

Процедураны ОҚКА тамырлық эндоваскулярлық хирургі Султан Илиев орындады. 

Ол зақымданған аяқтағы қан айналымын қалпына келтіріп, әрі қарай емдеудің маңызды кезеңін жүзеге асырды.

«Қант диабеті кезінде аяқтың, әсіресе табанның жағдайын мұқият бақылау маңызды. Жазылмайтын жаралар, іріңдеу, тері түсінің өзгеруі немесе аяқтың мұздауы байқалса, шұғыл түрде дәрігерге қаралу қажет. Қан айналымын уақытылы қалпына келтіру және инфекцияны емдеу аяқ-қолды сақтап қалу мүмкіндігін арттырады», — деп қорытындылады Султан Илиев