Астанада медицина саласына арналған цифрлық жобалар әзірленіп жатыр
Әр команда құрамында дәрігер, бизнес-маман және IT әзірлеуші бар
Астанада дәрігерлер мен IT мамандары медициналық ұйымдардағы нақты мәселелердің цифрлық шешімдерін бірге іздеп жатыр. Жиынға қатысқан 200-ге жуық адам 20 командаға бөлініп, төрт бағыт бойынша жобалар әзірлеуде, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әр команда құрамында дәрігер, бизнес-маман және IT әзірлеуші бар. Қатысушылар бір күн ішінде жобалардың алғашқы нұсқаларын дайындап, сарапшыларға ұсынады. Үздік стартаптарды емханаларда пилоттық жоба ретінде сынақтан өткізіп, кейін жетілдіру жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, елімізде медициналық бағдарламалармен қатар, салаға қажетті түрлі құрылғылар мен шағын гаджеттер әзірлейтін инженерлік стартаптар да көбейіп келеді.
– Стартаптар көбейіп жатыр. Мысалы, Astana Hub-қа келетін жобалардың 50 пайызы – медициналық стартаптар. Әсіресе қазір жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін медициналық көмекшілер, ресепшн және диагностикалық көмекшілер көбейіп келеді. Сонымен қатар медициналық инженерлік стартаптар да артып жатыр, – деді ұйымдастырушы Тоғжан Қожалы.
Қатысушылардың айтуынша, болашағы бар жобаларды кейін де жалғастырып, инвестор тарту арқылы толыққанды өнімге айналдыруға мүмкіндік бар. Ол үшін стартаптарды алдымен тәжірибеден өткізіп, дәрігерлердің пікірін ескеру маңызды. Сонымен қатар медициналық деректермен жұмыс істеу кезінде пациенттердің жеке мәліметтерінің қауіпсіздығына ерекше назар аударылады.
– Қауіпсіздік бірінші кезекте деп ойлаймын. Медициналық хакатонның басты қиындығы да осында. Басқа хакатондарда деректер ашық түрде берілуі мүмкін, оларды алып, бірден жұмыс істеуге болады. Ал медицинада пациенттердің жеке мәліметтерінің қауіпсіздігін сақтау қажет болғандықтан, деректермен өте мұқият жұмыс істеу керек, – деді қатысушы Айзада Бәдиева.