|
03.09.2018 | 21:55
1764

Алматыда 3 мыңнан астам ғимаратқа паспорттық зерттеу жұмыстары жүргізіледі

Алматыда 3000-нан астам ғимараттың сейсмикалық тұрақтылығы тексеріледі. Олардың қатарында балабақшалар, мектептер мен ауруханалар, көп пәтерлі тұрғын үйден бөлек, әлеуметтік мақсаттағы нысандар да бар. Ғимараттардың беріктігін бағалау қалай жүзеге асырылады? Бұл туралы біз  Қазақ Құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу, жобалау институтының өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы ШОҚБАРОВТАН сұрап білген едік.

– Ералы Мейрамбекұлы, қаладағы ғимараттардың сейсмикалық жағдайын қалай тексересіздер? Құралдарыңыз қандай?

–  Бүгінгі таңда біздің ғылыми-зерттеу институтымыз Алматы қаласының және бүкіл Қазақстан бойынша ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін тексеру жұмыстарымен айналысады. Бірінші кезекте, ғимараттың бетонының тығыздығын, кірпіштің маркасын, арматураның диаметрін анықтауға қатысты жұмыстар жүргізіледі. Өйткені, бүгінгі таңда көптеген ғимараттардың жобалық-сметалық жоспарлары сақталып қалмаған. Сондықтан бүгінгі құрылыс нормаларымен салынып кеткен ғимарттарды салыстыру үшін олардың техникалық жағдайын анықтаймыз. Ол техникалық жағдайды анықтау үшін міне, мынадай құралдармен зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Мысалға алар болсақ, бұл құрал Кашкаров балғасы деп аталады. Бұл бетонның тығыздығын анықтауға арналған құрал. Ал мынау – швейцариялық құрал. Бұл бетонның тығыздығын және бетонның ішінде орналасқан арматураның диаметрін анықтауға және бетонның арматураға дейінгі қалыңдығын анықтауға мүмкіндік береді. Осы құрылғылардың көмегімен ғимараттың, бетоннның тығыздығы, арматураның ені анықталғаннан кейін, сейсмикаға төзімді есеп-қисап жасалады. Егер құрылыс нормаларына сәйкес келмеген жағдайда, ол ғимаратқа күшейту жұмыстары туралы тапсырма береміз. Қорытынды жазылғанда сол ғимаратты қалай күшейту керек екенін де жазып береміз.

– Биылғы жоспарларыңызбен бөліссеңіздер. Қандай ғимараттар тексеріледі? Жалпы, ол нысандардың тізімін кімдер жасайды?

– Биыл жеке адамдардың ғимараттарына тексеру жұмыстарын жүргізіп шықтық. Жеке тапсырыс берушілерден өзге, Алматы қаласында 2017 жылы басталған паспорттау жұмыстары жалғасын табуда. Бүгінгі таңда Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы бізбен келісімге отырып, 3000-нан астам ғимаратқа паспорттық зерттеу жұмыстарын бастағалы отыр. Бұл ғимараттардың ішінде балабақша, мектеп, тұрғын үйлер, ауруханалар сияқты ғимараттар кірген.

– Тексеріс қорытындысы бойынша сейсмикалық тұрақтылығы жоқ нысандар сүрілетіні белгілі. Бұл жұмыстың тағы қандай нәтижесі бар?

– Тексерістің қорытындысы бүгінгі таңда электронды паспорт болып табылады. Бұл электронды паспортта бүкіл ғимараттың осы күнге дейін жасалған құрылыс жұмыстары, косметикалық жөндеу жұмыстары, енгізілген өзгерістер туралы мағлұматтардың бәрі сол электрондық паспортқа енеді. Бұл шара Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының қызметкерлеріне көп көмегін тигізуде. Өйткені, жеке тұрғынға рұқсат алу қажет болса, ешқайда бармай-ақ, сол үйдің қабырғалары қандай болады, қасбеті қалай болуы керек деген сияқты мәселелерді электронды паспорт арқылы көруіне мүмкіндік береді.

– Ералы Мейрамбекұлы, уақыт бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рахмет!

Айдана Мейрамбайқызы, «Алматы» телеарнасы


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

Прямой эфир