|
23.04.2018 | 10:39
1185

Еліміздегі қылмыспен күреске спутниктер жұмылдырылмақ

Еліміздің полиция қызметкерлері енді белгіленген айыппұлдарды ортақ базадан жоя алмайды. Бұған Астанадағы «Сергек» камерасы арқылы тіркелген ақпараттарды өшіруге талпынған жәйттар түрткі болыпты. Бас прокуратура өкілдері өткізген кезекті отырыста Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің төрағасы Бағдат Мусин аталмыш саладағы жемқорлықпен түбегейлі күресетінін жеткізді. Оның айтуынша, жыл соңына дейін барлық фото мен бейнетіркеуіштегі мәліметтер Бас прокуратураның бірегей базасына түсетін болады.

«Адамдар да қиындыққа тап болмас үшін жүйенің барлығы дерлік жыл соңына дейін біздің базаға қосылады. Демек, бір жерге барса айыппұл бар, ал бір орында жоқ деген жағдайлар туындамау қажет. Осы олқылықтарды жою мақсатында осы жобаны ұсынып отырмыз», - деді ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет төрағасы Бағдат МУСИН.

Құзырлылар сонымен қатар, әкімшілік хаттамалардың 90 пайызын электронды түрде толтыру үшін Қазақстанның жол сақшыларына 5 мыңға жуық планшет керек дейді. Ақпар бойынша, осы күнге дейін 80 мыңға жуық хаттама электрондық жүйеде іске асқан. Биылдан бастап, бұл көрсеткіш 13 пайызға жетіпті. Бұдан бөлек, Бағдат Мусин «электрондық қылмыстық іс жобасының» нәтижелерімен бөлісті. Белгілі болғандай, қылмыстық істерді электрондық жүйеге ауыстыру, ең алдымен, қарапайым азаматқа ыңғайлы екенін атап өтті. Демек, кез келген адам арызды электрондық форматта жолдай алады.

«Электронды қылмыстық іс» жобасы қарапайым азаматқа не береді? Біріншіден, арызды электронды форматта тапсыруға болады. Қазіргі уақытта ол электронды сандық қолтаңба арқылы жүзеге асырылып отыр. Осы орайда, электрондық қолтаңбасыз азаматтар арыз бере алатындай жағдай жасамақпыз», - деді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет төрағасы Бағдат МУСИН.

Қылмыспен күрес бағытындағы тағы бір жаңалық. Бас прокуротура өкілдері еліміздегі қылмыспен күреске спутниктерді жұмылдырылмақ. Қазіргі кезде отандық құрылғылар Қазақстанның 21-ге жуық қаласының ғарыштық кескінін түсіріп, мегополистердің құрылысына бақылау жасап келеді екен.


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
Прямой эфир