|
23.05.2018 | 19:40
1598

Мемлекеттік тілдің дамуына тікелей жауапты басқарманың қаржысы екі есеге дейін қысқарған

Мемлекеттік тілдің дамуына тікелей жауапты басқарманың қаржысы соңғы үш жылда екі есеге дейін қысқарған. Орташа кәсіпкердің қаржысындай ғана ақшамен қазақ тілінің көсегесін көгерту қиын. Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының жұмысын талқыға салған қоғамдық кеңестің мүшелері осылай деді. Ал басқарма басшысы болса іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге ат үсті қарайтын департаменттердің де тізімін жайып салды.

14 қызметкерден ғана тұратын басқарма Алматыдағы мемлекеттік тілдің  дамуын қадағалап, қажетті іс-шараларды тұрақты жүргізіп, мониторинг жасайтын мемлекеттік жалғыз мекеме. Басқарма басшысының мәліметінше, қаладағы кіріс-шығыс бұйрық, анықтама сынды  құжаттарды қазақ тілінде ең аз жүргізетін - ол Жетісу ауданы әкімдігінің аппараты.  Ауданында кіріс құжаттарының тек 18 пайызы ғана ана тілімізде тіркелсе, шығыс құжатарының үлесі 50 пайыздан әрең асады.

«Алатау ауданында, 8 ауданның ішінде түгел құжаттарды қазақ тілінде жүргізеді. Соны мысалға келтірдік. Басқа аудандарда іс құжаттарын қазақ тілінде жүргізуге не кедергі?», - деді Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы  Рахат ШИМАШЕВА.

Ал Алматыдағы 24 басқарманың ішінде Тұрғын үй инспекциясы қазақ тілінен қарағанда ресми тілде іс жүргізуді әлі күнге дейін жөн санап келеді. Құжат айналымының үлесі  бұл мекемеде  небәрі 18 пайызға әрең жетеді. Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасында кіріс құжаттарының 12, шығыс хаттардың тек 27 пайызы ғана ана тіліміздің үлесінде. Тілге тіксіне қарайтын мекемелердің ішінде денсаулық сақтау басқармасыда бар.

«Мемлекеттік тіл тек қазақтардың ғана тілі емес, осы Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық ұлттардың тілі. Ендеше іс-құжаттарыда мемлекеттік тілде болу керек еді. Әкімдіктердің, мәслихаттың жиындары мемлекеттік тілде өтпейді», - деді академик Өмірзақ АЙТБАЕВ. 

Қаладағы жарнама жұмысы да жетісіп тұрған жоқ. Тілдік, мағыналық қатенің  болмауын қадағалайтын басқарманы айналып өтетін агенттіктер мен компаниялар көп. Тек Медеу ауданындағы  600 мейрамхананың 120-сы  жарнамалық белгілерінде тілдік талапты тыңдамаған. Жалпы 4525 жарнама эксиздерінің мәтінінен 1256 орфографиялық, грамматикалық және стилистикалық қате табылған. Алып қаладағы ана тілдің деңгейін төмендетпей, кең көлемде жұмыс жасауға  қаржылық таршылықта қолбайлау болып отыр- деді жиынға келгендер.

«Он бесінші жылдары 111 миллион, қазір 54 миллионға түсіп қалған. Осының бәрі біз ат салысып, болашақта әрбір ауданда  қаланың, қоғамның ортасында қайтадан керекті ақшаға дейін көмектессек пе деген  ойымызда бар», - деді  Алматы қаласы қоғамдық кеңестің мүшесі Құсман ШАЛАБАЕВ.  

Тіл басқармасы басшыларының айтуынша, мемлекеттік органдардың ресми сайттарының сапасыда төмен. Тіптен, халық ең көп қолданатын тұрғын үй инспекциясының сайтында ана тілімізде контент жоқ болса, ресми органдар тақырыпты қазақша, бірақ ішіндегі ақпараттарды орысша жүктеп, көзбояушылыққа барған. Тіл үйрену курсына келетін адам саныда аз болғандықтан, басқарма алдағы уақытта әлеуметтік желілер арқылы жұмыс бастамақ.


Әмірболат Құсайынұлы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы 


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир