"Ақ бесік" телехикаясының түсірілімі аяқталып қалды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңа маусымда арнамыздан тамашалаңыздар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Алматы" телеарнасынан көрсетілетін жаңа телехикаяның түсірілімі аяқталуға жақын. “Ақ бесік” деп аталатын туынды достық, туған жерге сүйіспеншілік пен  отбасылық құндылық жайлы болмақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Телехикаяның басты кейіпкерлері - Әлжаппар және Қанағат есімді ақсақалдар. Екеуі де ауылдағы ірі қожалықтарға иелік етеді. Алайда көпжылдық достыққа 4 гектар жер үшін сызат түседі. Канағат қарияның әйелі қарттарды татуластыруға тырысқанымен, нәтиже болмайды. Сондықтан шиеленіскен мәселені шешуге екі отбасының балалары мен туыстары кіріседі.

- Қандай жұмыс болмасын, оңай емес. Үлкен ұжымның жасап жатқан еңбегі. Режиссерлер, продюсерлерден бастап, шай беретін қыз-жігіттердің еңбегі. Осы түсірілім алаңында қазір көп адам жұмыс істеп жатыр. Бүгін той сахнасы. Тарихын айтып берсем, қызық болмайды. Сондықтан оны өздеріңіз көре жатарсыздар, - дейді театр және кино актрисасы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Лидия Кәденова.

Түрлі оқиғамен өрбитін телехикая 12 бөлімнен тұрады. Басты кейіпкерлердің рөлін театр және кино актерлері Сағызбай Қарабалин мен Иісбек Әбілмәжінов сомдайды. Шығармашылық құрамда жас буын өкілдері де бар.

- Маған режиссер, продюсерлер үлкен сенім артып отыр. Сол сенімді ақтауға тырысамын. Негізі кастинг оңай болмады. Өйткені әр кастингте өтетін іріктеулер көп болды. Режиссер, продюсер, кастинг директоры, телеарнадан да мақұлдануы тиіс, - дейді актер Жандос Сейдалин.

Телехикаяның басы-қасында жүргендер ұрпақтар сабақтастығын сақтауды жөн көргенін айтады. Аға буын жастарға үлгі-өнеге көрсетсе деген ниет болды дейді.

- Бізде кастинг өте керемет. Үлкен аталарымыз да, жастарымыз да бар. Сондықтан түсірілім алаңында аға буын, жас буын өкілдері жиналған. Біз кастингті өте мұқият таңдадық. Қазіргі жаңа есімдерді, жаңа актерлерді шығаруға тырыстық, - дейді режиссер Шарипа Оразбаева.

Телехикаяның түсірілімі аяқталуға жақын. Ал қалың көрерменге күзде жол тартады деп жоспарланған. Айта кетейін, "Алматы" телеарнасының ұжымы жаңа маусымда көпшілікті өзге де түрлі жобалармен қуантуға дайындық үстінде.

Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз:Алматыға жарты жылда 715 млрд теңге инвестиция тартылды

Новости партнеров