Армияның рухы мен музыканың мәні: Almaty TV-да «Шаһар шырайы» жобасының жаңа шығарылымы

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Шығарылымның кейіпкері – әскери музыкант Алмат Назаров

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty TV «Жұмысшы мамандықтары» жылында «Шаһар шырайы» атты арнайы жобаны қолға алды. Жобаның басты мақсаты – адал еңбек етіп жүрген жұмысшылардың кәсібилігі мен еңбекқорлығын өзгелерге үлгі етіп, қоғамда еңбексүйгіштік пен кәсібилік идеясын насихаттау, сонымен қатар жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру.

Алматы қаласындағы 28 гвардияшы-панфиловшылар паркіне орналасқан Ұлттық әскери даңқ музейінде қызмет ететіндердің арасында өмірбаяны ерекше адам бар. Ол – әскери музыкант, дыбыс режиссері, бүгінде музей қызметкері - үшінші дәрежелі сержант Алмат Назаров. Ол 17 жылдан аса уақыт әскерде қызмет етіп келеді.

Ол армияда қызмет ету туралы армандап, осы мақсатқа қадам басқан. Мектеп жасында Алматыдағы әскери училищеге түсуге барынша ынтық болғанымен, ата-анасы қаланың алыстығын айтып, оны жібермеген екен. Сол себепті оның орнына музыкалық колледжге түсіріп, музыкант мамандығын игеруге мүмкіндік берген.

Дегенмен жүрегіндегі армияға деген сүйіспеншілік сөнбеген. Колледжді тәмамдаған соң, әскерге шақырылмаған ол келісімшартпен әскери оркестрде қызмет етуге кіріседі. Үрмелі аспапта ойнай отырып, өз өмірінің мәнін тапқан армиялық қызмет оның рухани жолы, ал музыка сол жолда бірге серік болар серігі болды.

"Армия — бұл менің өмірім, тағдырым", — дейді ол.

17 жылдан астам уақыт бойы қызмет еткен ол әскери өмірдің барлық ауыртпалықтары мен қуаныштарын бастан өткеріп, мансабының әр кезеңінен өтті. Әрдайым өз ісіне адал болып, қиындықтарды жеңе отырып, әскери қызметтің барлық қыр-сырын терең меңгерді. Оның жолы — тек қызмет емес, жан-дүниесінің қалыптасуы мен батылдығының, еңбекқорлығы мен рухының сыналған кезеңдері.

Бүгінде ол музейде қызмет атқарып, әскери мұраны келешек ұрпақтарға сақтап, жеткізу ісін абыроймен жүзеге асыруда.

"Мен бұл қызметтің жүрегіме жақын екенін ерте сезіндім", — деп еске алады ол.

Оның өмір жолы — музыка мен әскери қызметтің үйлесімін тапқан адам тағдырын айқын көрсететін мысал. Қазір ол басқаларға армияның тек форма мен тәртіптен ғана емес, рух, ар-намыс және елдің өткеніне терең байланыс екенін түсінуге көмектесуде.

Айта кетсек, Almaty TV-де «Made in Almaty», «Алматы көшелері» «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сияқты бірқатар жаңа бағдарлама мен жаңалықтар айдары жарық көрді. Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар.

«Шаһар шырайы» жобасының бұған дейінгі кейіпкерлері дәрігер, жақ-бет хирургі Абайдулла Мұхитдинұлы Жапаров, өнер мұражайының суретші-реставраторы Гүлжан Қалдыбаева, краншы Галина Норкина, Алматы зообағының қызметкері Шолпан Әбдібекова, Алматы ТЖД диспетчері Саниям Гуламова, Қазмемцирктің артисі Батыр Жанұзақ, метеоролог Гүлнұр Әлиева, «Алматы Су» холдингінің слесарь-механигі Назымбек Қалиев, шаңғы инструкторы Олжас Мыңбаев, экоблогер Меруерт Салықова, Алматы метрополитені электр депосының маманы Мәди Асаубаев, құрылысшы Қадырбек Ижанов және «Алматы Тазалық» механизаторы Дастан Жақия болған еді.

Новости партнеров