Қоқыс сұрыптау аймағында 600-ге жуық адам қызмет етеді
Қала келбетін ажарландырып, экологиясын жақсартуға атсалысып жатқан жандар аз емес. Олардың көпшілігі қоқысты сұрыптайтын зауыттарда қызмет етеді.
Almaty.tv-дегі «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті саны күніне 1400 тонна тұрмыстық затты қабылдайтын «Green recycle» кәсіпорнындағы іскер азаматтардің еңбегіне арналады.
Алматыны қоқыстан тазартып қана қоймай, жиналған затты сұрыптап қайта өңдеуге жағдай жасайтын кәсіпорынның негізі 2017 жылы қаланған. Қуаттылығы жылына 550 мың тонна қалдық қабылдауға жетеді. Зауыттағы жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады. Ең алдымен жүк көліктеріне тиелген қоқыс көлемі есептеліп, радиациялық бақылаудан өтеді. Кемшілік байқалса, істі төтеншеліктер реттейді. Ал тексерістен өткен, оң нәтиже берген тұрмыстық қалдық, арнайы алаңқайға жиналады. Оны мамандар 4 топқа бөліп сұрыптайды.
«Қондырғыларымыздың көпшілігі Италия елінде жасалған. 8 жылдан бері жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Ал өндірісте ағылшындықтардың дайындаған құралдарын пайдаланамыз. Әлі күнге дейін кемшілік байқамадым», – деді зауыт директоры Сергей Колесник.
Кәсіпорын ұжымы 4 ауысымда жұмыс істейді. Тұрмыстық қалдықтарды тоқтаусыз қабылдайды. Әрқайсысын түр-түрге бөліп, іріктейді. Іске жарамсызын бөлшектеп, қоқыс алаңдарына жібереді. Ал керегін сығымдап, қоймаға жинайды.
«Зауытта 2018 жылдан бері оператор болып жұмыс істеймін. Мен жұмыс істеу барысын қадағалаймын. Таза материалдарды мен қоқысты бөлек пресстейді», – деді зауыт қызметкері Дінмұхамед Қасымов.
Қоқыс сұрыптау ісі дәл осы қоймада аяқталады. Мұнда тұрмыстық қалдықтың 17 түрі жиналады.
Атап айтсақ, қағаз бен пластик өнімдері, қаңылтыр құтылар сығымдалып, осы жерден өңдейтін зауыттарға жіберіледі. Кейін оны қайта қолдануға жарамды ету үшін жұмыс атқарылады. Бір қызығы 1000 тонна қоқыстың шамамен 10 пайызы осындай өнімге тиесілі.
Зауыт қарамағында 120-дан аса техника бар. Қоқыс сұрыптау аймағында 600-ге жуық адам қызмет етеді. Атап өтерлігі, кәсіпорында жас шектеуі жоқ. Ал ерекшелігі, берекелі ұжымның алға қойған мақсаты көп. Жоспарға сай, зауыт қызметкерлері экотехнопарк ашуды көздеп отыр. Нәтижесінде жиналған пластикті өзгелерге сатпай-ақ қайта өңдеу ісін жолға қоймақ. Қазір жобаның қаңқасы құрастырылып қалыпты. Одан бөлек, француздық мамандармен бірлесе, қоқыс алаңдарына жіберілетін қалдықтан газ бен көмірді алмастыратын отын шығаруды ойластырып жатыр.
Рүстем Айткәрім, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Көктөбеде ауа тазартқыш қондырғысы қойылды