Қаладағы кез келген нүктеде сынама алуға мүмкіндік беретін жылжымалы зертхана бар
Алматыда соңғы үш жылда ақауы бар көліктердің саны 10 пайызға азайды. Ғалымдардың айтуынша, бұл – үлкен жетістік. Себебі тозығы жеткен темір тұлпар техникалық жағдайы жақсы автокөліктерге қарағанда 14 есе көп зиянды зат бөледі. Ал сол лас ауаның, су мен топырақтың сапасын экологтар тәулік бойы бақылайды. Тіпті заманауи технологиялардың көмегімен қоршаған орта жағдайы туралы нақты деректер алуға да мүмкіндік бар.
Almaty.tv-дегі «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті саны мегаполис атмосферасын таза ұстауға атсалысып жүрген жандардың еңбегіне арналады.
Алматыда ауаның ластану деңгейін төмендетуге арналған іс қарқын алып келеді. Мысалы, бұл экологиялық зертханада ондаған заманауи құрылғы бар. Ірілері АҚШ, Қытай елінен әкелінген. Әрқайсысы қала тұрғындарының денсаулығына тікелей әсер ететін өзгерістерді тіркейді. Жабдық үздіксіз жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Ғалымдар ауа, су, топырақ құрамын, автокөліктен шығатын улы зат мөлшерін талдайды. Қызығы сол, зерттеушілердің иелігінде қаладағы кез келген нүктеде сынама алуға мүмкіндік беретін жылжымалы зертхана да бар. Алынған дерек жедел шешім қабылдау үшін қала әкімдігіне жіберіледі.
«Жылжымалы зертхананы екі жыл бұрын іске қостық. Техника өзін жақсы жағынан көрсетті. Атырауда жоба толық жүзеге асырылып, тұрғындар шағымданған жерде күкіртсутек мөлшерінің артық екенін дәлелдедік. Газ талдағыш құрылғының дәлдігі 10 пайыз шамасында, бұл – өте жақсы көрсеткіш», – деді зертхана меңгерушісі Данияр Мұқашев.
Ал мына құрылғы – су мен топыраққа кешенді талдау жасай алатын Қазақстандағы жалғыз аппарат. АҚШ-та жасалған қондырғы санаулы минуттарда-ақ сынама нәтижесін бірден көрсетеді. Ғалымдардың айтуынша, құрылғы химиялық элементің кез келген түрін анықтап, мөлшерін есептеп бере алады. Мамандардың айтуынша, бұрын мұндай сараптама жасаудың өзіне бір күнге жуық уақыт кететін. Келешекте осы жабдық негізінде ауа сапасын зерттеуге бағытталған әдістерді жетілдіру жоспарланып отыр. Зерттеушілердің дерегінше, атмосфераға бөлінген зиянды заттың шамамен 60 пайызы көліктен шығады. Жаңадан енгізілетін тәсіл болса, сол ауадан ауыр металлдардың концентрациясын анықтауға мүмкіндік береді.
«Техникалық байқау мәселесі өте өзекті. Алматыдағы орталықтардың көпшілігімен бірлесе жұмыс істейміз. Экобекеттерде көліктерді тексергенде, кейбір жүргізушілер техникалық байқаудан өткенін айтып, құжат көрсетеді. Бірақ кейін олардың темір тұлпарында ақау бар екені анықталады. Демек бұл істе әлі де олқылық бар. Біз осыны түзетуге ниеттіміз», – деді Қазақстан экологиялық аудиторлар палатасы оқу орталығының директоры Райдин Қасымов.
Ауадағы улы зат мөлшерін азайту – Алматы қаласы үшін өте маңызды. Сол себепті де атмосфераны қорғауға арналған жаңа ережелер әзірленген. Жоба экологиялық таза отын түрлеріне көшіп, өндіріс орындарын жаңғыртуды және автокөліктерге бақылауды күшейтуді мақсат еткен. Сала сарапшыларының пікірінше, ауаның сапасын жақсарту ісі тек мемлекет тарапынан ғана емес, тұрғындардың да бірлескен күшімен жүзеге асады. Өйткені табиғатты қорғау – әрбір адамның жеке жауапкершілігінен басталады.
Рүстем Айткәрім, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Көктөбеде ауа тазартқыш қондырғысы қойылды