|
26.07.2024 | 13:15
346

Атыраулық оқушы Колумбия университетінде өткен жарыста топ жарды

Дарынды жастың мақсаты – әлемдегі ең үздік Гарвард университетінде білім алу

Атыраулық оқушы Колумбия университетінде өткен жарыста топ жарды

Атыраулық оқушы Нью-Йорктегі Колумбия университетінде өткен жарыста топ жарды. Дүбірлі додаға  50 мемлекеттен бас-аяғы екі мыңнан аса талантты жас қатысқан. Сыннан сүрінбеген оқушылар әлемдік деңгейдегі сайысқа жарты жыл дайындалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

12 жастағы Дінмұхаммед Сауырбаев бала күнінен есеп-қисапқа жақын. Ол кез келген математикалық тапсырманы санаулы минутта орындайтын көрінеді. Ғылыми жобалар мен түрлі байқауларда топ жарып жүрген баланың биыл бағы жанып, әлемдік деңгейдегі сайысқа жолдама алған. Ол үшін талантты жас екі ай тыңғылықты дайындалыпты. Америкада өткен математиктер жарысында бас жүлдені қанжығаға байлады.

– Жарыста қолым дірілдеп отырды. Бірінші орын алғым келді. Қазақстандағы сайыстарда оңай, бірақ АҚШ-та жауапкершілік көп. Ал бірінші орын алсаң, диплом мен медаль, сыйлықтар аласың.  Менен бақытты адам жоқ деп ойлаймын, – деді Н.Коперников атындағы байқаудың алтын жүлдегері Дінмұхаммед Сауырбаев.

Баласы үшін үйде тақымын қысып отырған ата-ана үміттің ақталғанына риза. «Ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндер артта қалды» деген олар қуанышын жасырмады. Дінмұхамедтің әкесі «бастысы – сенім мен қолдау» дейді.

– Қобалжыдық, қуандық, бұл – үлкен дәреже. Болашақта балам математика саласында ғылыми жетістікке жетсін деген үміт артып отырмыз. Тікелей эфирден көріп, қуанып отырдық. Олимпиадаға көптеген елдерден балалар қатысты. Солардың арасынан қазақтың баласы топ жарып шыққанда өте ерекше сезімде болдық. Бала ата-анасының қолдауы арқылы үлкен жетістіктерге жеткізеді, – деді Д. Сауырбаевтың әкесі Ербол Сауырбаев.

Арман алысқа жетелейді. Дарынды жастың мақсаты – әлемдегі ең үздік Гарвард университетінде білім алу. Дінмұхаммедке еліміздегі ең мықты жоғары оқу орындарынан шақырту түсіпті.

Айта өтейік, аталған математиктер сынында ел 29 медальді қанжығаға байлағаны, оның екеуі алтын, ал он бірі күміс, тағы он алтысы қола.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: ШҚО-да 2000 метрден астам браконьерлік аула табылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир