Шетелдік ЖОО таңдайтындардың айтуынша, білім сапасында айырмашылық жоқ
Шетелде білім алып жатқан студенттердің оқуын аяқтамай-ақ елге қайтуы көбейген. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтырдың өзі Қазақстанға қайтқандардың саны 13 мыңнан асқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Рустам Рахымов 17 жасында Алматыдан ағылшын еліне кеткен. Лондондағы мектептердің бірін бітірген ол жоғары білімді де Еуропада аламын деп шешіпті. Пандемия деп елге оралған соң, оқуға қайта бармаған.
«Еуропада 3 жыл тұрып, Қазақстаннан артық елдің жоғын түсіндім. Болашағымды да осы жермен байланыстырамын. Сөзімнің бәрі өтірік сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ өз еліміздегі бірнеше саланы дамытуға үлес қосқып келеді», – деді студент Рустам Рахымов
Түлектердің алдында түрлі таңдау тұрған соң, арман қуып, мұхит асып кететіндер бар. Шетелдік ЖОО таңдайтындардың айтуынша, білім сапасында айырмашылық жоқ.
«2018 жылдың қыркүйегінде Чехияға оқуға түстім. Алғашында білінбегенімен, 2-3 айдан соң үйді сағындым. Білім саласында айтарлықтай өзгеріс байқамадым. Елім, жерім ғой. Алысқа кетіп, әлемді аралағаным болмаса, туған жерім ыстық екенін түсіндім», – деді қала тұрғыны Мария Насриаджиева
«Шетелде оқып, біраз ақша құртып, соңында студенттердің көбі оқуды аяқтамай, елге келіп жатады. Әрине, экономикалық тұрғыда айырмашылық көп, қымбатшылық бар. Сондықтан, Қазақстанда оқып-ақ еңбекке араласудың мүмкіндігі бар екенін ескеру керек», – деді Туризм және қонақжайлылық кафедрасының оқытушысы Мария Веретенникова.
Тек оқу үшін емес, өзге мемлекетке жұмыс бабымен кететіндер де бар. Мәселен, маркетинг бойынша елде білім алып, жоғары оқу орнын тәмамдаған Фатима Тарғамбай былтыр жазда америкалық корпорацияға жұмысқа тұрған. Дүкенде 3 ай менеджер қызметін атқарған. Әрине, тәжірибе жинап, тіл үйренгені рас. Бірақ о бастан елге қайтуды қалаған.
«Америкадан жақсы естелік қалды. Тәжірибе жинадым. Шынымен, өмірді көрдім. Бірақ бөтен жерге тез үйрене алмадым. Жүйе басқа, талап, көзқарас бөлек. Осының бәрі – менің Қазақстанға қайтуыма себеп болды», – деді қала тұрғыны Фатима Тарғамбай.
Елге оралған отандастардығ айтуынш, менталитет, тіл мен өмір сүру қалпы өзгеше ортаға сіңіп кету де қиын.
Мадина Оқас, Салтанат Нұрғалиева, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы