|
13.10.2021 | 03:22
5973

Қаңтар айынан бастап 1-сыныпқа жаңа пән қосылады

Бұған дейін оқушылар үшінші сыныптан бастап «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнін оқыған болатын

Қаңтар айынан бастап 1-сыныпқа жаңа пән қосылады ©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Білім және ғылым министрлігі 2022 жылдың қаңтар айынан бастап бірінші сынып оқушыларына «Цифрлық сауаттылық» пәні енгізілетінін мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.

Бұған дейін оқушылар үшінші сыныптан бастап «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнін оқыған болатын. Ал бірінші сыныпта ешқашан мұндай пән оқытылмаған. Білім және ғылым министрлігінінің мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова оқу бағдарламасы сұраныс пен уақыт талаптарына сәйкес болуы тиіс, сондықтан осындай қадамға бардық дейді.

«Бүгінгі таңда цифрлық әлемнің қарқынды дамып жатқанын көріп отырмыз. Смартфондар мен компьютерлерді мектепке дейінгі балалар да пайдаланып жатады. Сондықтан балаларды цифрлық сауаттылық және ақпараттық қауіпсіздік негіздеріне ертерек үйрету маңызды», – дейді Гүлмира Кәрімова.

Ол жаңа пәнді оқыту барысында балалардың жас ерекшеліктері де ескерілетін болады деп айтты. Сонымен қатар төртінші сыныпқа арналған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» және 5-11 сыныптарға арналған «Информатика» пәндері бойынша оқу бағдарламалары қайта қаралмақ.

Жаңашылдықтар балалардың ақпараттық технологиялар саласында сапалы білім алуына бағытталған. Мектеп бағдарламасы шеңберінде ең танымал Python бағдарламалау тілі оқытылады.

Сондай-ақ 5-9 сынып оқушылары 3D-модельдеу мен 3D-принтингке бойынша білім алады. 10-11 сыныптардағы «Информатика» пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасы IT-саласының заманауи даму үрдістерін ескере отырып әзірленген.

Оқыту бағдарламасында IT-STARTUP, виртуалды және толықтырылған шынайылық, жасанды интеллект, мобильді қосымшаларды әзірлеу, BigData және тағы басқа тақырыптар бар.

«Сондай-ақ барлық сыныптың оқу бағдарламаларына интернет желісіндегі қауіпсіздік ережелері, авторлық құқық туралы тақырыптар енгізілген», – дейді комитет басшысы.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир