Солтүстік Қазақстан облысында бір ғасырлық тарихы бар колледж жабылмақ

Солтүстік Қазақстан облысында бір ғасырлық тарихы бар колледж жабылмақ
Бұл – колледж студенттерінің жанайқайы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысында бір ғасырлық тарихы бар аграрлы-техникалық колледж жабылмақ. Жауаптылардың айтуынша, көне оқу ордасы бюджетке тым ауыр салмақ түсіреді екен. Колледж шәкірттері болса, енді басқа оқу орындарын паналауға мәжбүр. Аймаққа ауадай қажетті мамандар даярлайтын білім ошағы расында да, тиімсіз бе? Өңірдегі Almaty.tv тілшісі Диана Есім істің мән-жайын біліп қайтты.

Бұл – Қызылжар ауданы Боголюбово ауылында орналасқан аграрлы-техникалық колледж студенттерінің жанайқайы. Оқуды тәмамдауға бір жыл қалғанда оларды 120 шақырым жерде орналасқан басқа білім ордасына ауыстырмақ.  

«Бізге алдымен Қиялыға ауыстыратыны жайында айтқан болатын. Бірақ ол колледжбен біздің колледждегі мамандықтар мүлде басқа. Оған қарағанда Петропавл қаласындағы Гуманитарлық-техникалық колледжге жолдама берсе жақсы болар еді. Себебі онда барлық жағдай жасалған және шығындар да анағұрлым төмен», – деді аграрлы-техникалық колледжінің студенті Никита Устинов.

Студенттердің жабылғалы тұрған колледжді неліктен қимайтыны түсінікті. Онда көбіне әлеуметтік осал топтағы отбасыдан шыққан балалар оқиды. Олар үшін білім алу, жатақхана мен тамақтану тегін. Ал Максим Новиков Боголюбово ауылының тумасы. Алыс жерге қатынап оқуға қалтам көтермейді дейді.

«Осы ауылда тұратындықтын, жолға кететін шығын жоқ. Басқа жақта оқысам барып келу қымбатқа түседі. Ал оқуды тастағым келмейді. Осы оқу орнын аяқтауға мұрша берсе жақсы болар еді», – деді  аграрлы-техникалық колледжінің студенті Максим Новиков.

Аграрлы-техникалық колледждің техникалық базасы жаман емес. 3 оқу ғимараты, 2 жатақхана, асхана, клуб, шеберханалар және түрлі жабдықтар бар. Бірақ студенттер саны аздау көрінеді. Колледж директорының міндетін атқарушы оқу ордасының жабылуына да студент тапшылығы себеп дейді.

«Біздің колледж – облыстағы шағын комплектті колледжтердің бірі. Қазіргі контингент саны – 68, жұмыс істеушілер саны – 61. Бұл оңтайлы емес. Турасын айтайық. Студенттер саны тек биыл емес, әр жыл сайын азайып отырған. Қазіргі уақытта басқа курсқа өтетін балалар саны – 31. Біз бір студентке көп ақша жұмсаймыз. Қымбат. Биыл біз басқа студенттерді қабылдасақ, бұл да қымбатқа түседі. Жалпы, біздің колледжге шамамен 240 миллион теңге бөлінді. Бір студентке шамамен 2 миллион теңге жұмсалады. Бюджет үшін бұл өте ауыр салмақ.  Сондықтан осындай шешім қабылданды», – деді Аграрлы-колледж директорының міндетін атқарушы Айгүл Шалова.

Жалпы облыста барлығы 25 колледж бар. Оның 11-і ауыл шаруашылығы бағытын қамтиды.

Диана Есім

Новости партнеров