Алматының Медеу ауданында «Алтын ұя» атты жаңа жекеменшік балабақша ашылды. Мектепке дейінгі білім беретін ұйым республикалық «Балапан» бағдарламасы аясында салынған, деп хабарлайды Almaty.tv.
90 балаға арналған мекеме соңғы заманауи үрдістегі методикалар бойынша білім береді. Ғимарат спорт және акт залымен, ойын алаңымен қамтылған. Сондай-ақ, балабақшада жоғарғы білімді психолог және логопед мамандары жұмыс істейді.
«Тұңғыш Президент күні қарсаңында осы балабақшаның ашылу рәсімін өткізуді жөн көрдік. Бұл мекеме 4 топқа арналған. Балаларға мемлекеттік тілде және орыс тілінде сабақ береміз. Мұнда бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалған», – деді балабақша директоры Еділ Кенжеғалиев.
Бүгінде Медеу ауданында «Балапан» республикалық бағдарламасы аясында 41 балабақша жұмыс істейді. Қазір бұл мекемелерде 2 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр.
«Кәсіпкерлерге «Балапан» бағдарламасы өте тиімді деп ойлаймын. Өйткені жергілікті басқару органдарынан осы «Балапан» әр бүлдіршінге 28 мың теңгеден бөлінеді. Қалған үстіндегі ата-аналарға да жеңілдік, кәсіпкерлерге де өте үлкен қолдау деп ойлаймын», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев.