Жаңа жылдың бастауы, табиғат қайта түлеген Наурыз мейрамы қарсаңында алматылық білімгерлер үлкен мүмкіндікке ие болды. Елімізге танымал сән үйінің иесі Аида Кәуменова бүгіннен бастап жас мамандарға өз ісінің қыр-сырын үйретпек. Осы мақсатта отандық дизайнер «Алматы сән және дизайн колледжімен» меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бастаманың берері көп деген ол студенттерді ұлттық нақышта әзірленген бұйымдарымен таныстырып қана қоймай, маталарды таңдап, сақтау жолын көрсетті. Тігін цехын аралатып, ерекше сән үлгісіндегі киімдердің қалай дайындалатынын түсіндірді.
– Оқу мен тәжірибе алу – екі түрлі әлем секілді. Өйткені елімізде білім беретін қаншама мекеме бар. Бірақ іс жүзінде екеуі тоғыспай жатады. Сондықтан біз жаңа қадам жасадық. Енді студенттер сән үйімізде эскиз жасаудан бастап, дайын киім тігіп шығарғанға дейінгі процесті үйренуіне мүмкіндігі бар. Осы арқылы сән әлеміне жаңа дем беріп, жаңа серпін алып келіп, талантты жастарға жол ашатынымызға сенемін, – деді дизайнер Аида Кәуменова.
Ресми рәсімнен кейін колледж студенттері сән әлемінің үздігіне өздері қолдан жасаған киімдерін таныстырды. Ұлттық нақышты заманауи бұйымдармен үйлестіре білген дизайнер болашақ мамандардың талантын бағалап, оларды әрдайым қолдауға, бар білгенін бөлісуге дайын екенін жеткізді. Ал білім ордасының ұстаздары игі бастама жастар үшін үлкен мектеп болатынын атап өтті.
– Бірінші мақсат – студенттерімізді дамыту, болашақта Аида Кәуменова сияқты танымал дизайнерлерден, Қазақстанның танымал дизайнерлерінен білім алуы. Өйткені студенттердің ол кісілерден үйренері көп. Осы уақытқа дейін де студенттер өндірістік тәжірибеден өтетін. Болашақта осы кісіден білім алып, ары қарай дамытуы қажет, – деді Алматы сән және дизайн колледжінің өндіріс шебері балауса Рауанова.
Оқи отырыңыз: Астанада Ботай жылқысына ескерткіш орнатылып, ашық аспан астында музей құрылуы мүмкін