|
12.11.2020 | 21:26
6062

Таразда оқушылар тау-тасты кезіп, сабақ оқуға мәжбүр

Жергілікті билік бұл жағдайдың шешімі жақын аралықта шешілуі екіталай дейді

Таразда оқушылар тау-тасты кезіп, сабақ оқуға мәжбүр Almaty.tv

Таразда оқушылар онлайн оқи алмай қиналып отыр. Себеп  шеткі аудандарда интернет пен жарытқан жарықтың жоқтығы. Тау-тасты кезіп, байланысты төбеден іздеген тұрғындар мәселемізді шешер жан баласы жоқ деп налиды. Ал, жергілікті билік бұл жағдайдың шешімі жақын аралықта шешілуі екіталай дейді. Almaty.tv тілшісі Мерей Бает баяндасын.

Бұл – Тараз қаласының құрамындағы Қызылабад елді-мекенінің тұрғындары. Ел қоныстанғалы 40  жыл болды дегендер күні бүгінге дейін жарықтың жыры бітер емес деп шағымдануда. Сонымен қоса, ұялы байланыстың болмауы, балалардың оқуына тікелей әсер етіп жатыр дейді. Тұрғындар ауданда интернет тұрмақ, телефонмен байланысудың өзі мұңға айналғанын айтады.

«Қалай оқытарымызды білмейміз мына көшеден. Өте қиын болып жатыр. Бір бағанадан  үй тартып отыр. Бізде кейде   жарық мүлдем болмай қалатын күндер де бар. Ол кезде қалай сабақ дайындаймыз? Қиын болып жатыр, интернет  жоқ. Телефонға ақшаны құр төлеп жатырмыз. Әр үйде 5-6 баласы бар. Біздерде де немерелеріміз бар. Барлық үйге сабақ оқу керек», – деді қала тұрғыны Салиха Құрбанова.

«32 жылдан бері тұрып келе жатырмын. Біздің ауылда интернет жоқ. Балаларымызды оқыта алмаймыз. «Оқытыңыздар қай жерде интернет ұстайды, сол жерде». Сонда біз қай жерде интернет ұстайды сол жерге. Сонда біз қолымызға дәптерді алып түнімен қай биікте интернет бар, сол жерде жүреміз бе?» – деді қала тұрғыны   Қалдыкүл Туғанбаева.

Қызылабад тұрғындары электр тоғының жылдар бойы шешілмей келе жатқанына наразы. Бір ауылға қойылған бір ғана трансфарматордың кесірінен, жарықсыз шаммен отыратын кездер көп дейді. Онымен қоса, бір бағанға 5 үй жалғанған.

Блиц:

- Баған жоқ, бәрі әшейін жерде ілініп проводтың бәрі солай тұр.

- Әр үйдің үстінен алынған салпылдап. Кейде мына балалар ойнап жүріп, ана жерлер үзіліп кете ме деп қорқамыз.

Бұрын Жамбыл ауданына қарасты болған ауылдар қазір облыс орталығының құрамында. Бірақ ауыз су, жол, көгілдір отынның мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппаған. Қала әкімдігінің мамандары бұл бағытта жұмыстың жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Қазір мынау Қызылабад мемлекеттік сараптамаға кірді біздің бөліммен. Биыл біз мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу керекпіз. Ендігі жылы сол ақпан айында біз бюджеттік өтінім береміз. Республика бөлгеннен кейін. Бірақ ол ендігі жылы болады деп мен уәде бере алмаймын. Өйткені үлкен жоба», – деді қалалық Тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы.

Салаға жауапты бөлім басшысы проблеманың барлығы қаржыға тіреліп тұрғанын алға тартты. Елдімекендегі инфрақұрылым қаржы қарастырылғанда ғана шешімін табады дейді. Ал, қалалық білім бөлімі ауыл оқушылары қажетті планшет, Fi-Wi сынды құрылғылармен қамтылғанын айтады. Бірақ интернет ұстамайтын аумаққа планшет таратқан ұстаздардың ісіне біраз ел әлі таңданып жүр.

Мерей Бает Шыңғысхан Кеңесхан «Алматы» арнасы, Тараздан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир