Петропавл қаласында оқушылар суық мектепте білім алып жүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Кейбір кабинеттерінде термометр көрсеткіші 14 градусты көрсетіп тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавл қаласында балалар суық мектепте білім алып жүр. Былтыр ғана ашылған жаңа оқу ордасында бірнеше күннен бері жылу жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқушылар сыныпта сыртқы киіммен отыруға мәжбүр. Ал жылыту жүйесіндегі олқылықтардың неден болғаны белгісіз. Бұған мердігер компанияның құрылыс кезінде жіберген олқылығы да себеп болуы мүмкін деген болжам бар.

Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп лицейінің кейбір кабинеттерінде термометр көрсеткіші 14 градусты көрсетіп тұр. Оқушылар тоңып қалмау үшін білім ордасында бір сынып, бір кабинет жүйесі енгізілді. Балалар мектеп формасының үстінен сырт киімдерін киіп отыруға мәжбүр.

«Мектепте кешеден бері сырт киім киіп жүрмін. Дәліз де суық, сыныптың іші де суық. Тоңып жүрміз. Мұғалімдер бізге күнде қалың киініп келіңдер дейді. Іште киіп жүретін аяқ-киімді әкелмеуге де рұқсат берілді», – деді Мағжан жұмабаев атындағы it мектеп-лицейінің оқушысы Дамир Қайыпов.

Суықтан балалар мен ұстаздар жиі ауыратын болған. Мұны мектеп директоры растап отыр. Мекемедегі дәліздің ауданы 308 шаршы метр болса, онда 6-ақ батарея орнатылған екен.  

«Мердігермен бір емес, бірнеше рет сөйлестік. Құрылыс басқармасына да, білім басқармасына да хат жолдадық. Былтыр да мектепте салқын болды. Бірақ биылғымен салыстыруға келмейді. Ата-аналар, балалар, педагогикалық құрам, бәріміз жылу күтіп отырмыз», – деді Мағжан жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінің директоры Рәзия Қасымова.

Ал мердігер компания неліктен бұлай болғанын білмейміз деп отыр. Мектептің жылу жүйесінде сорғы қысымы жетіспегендіктен, температура режимі бұзылған деген болжам бар. Нысанда қосымша тексеру жүргізіледі.

«Қазір біз бұл жағдайды қалпына келтіруге тырысып жатырмыз. Температура режимін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, желдету жұмыстары жасалып жатыр. Қондырғылар мен аппаратураларды орнату бойынша мамандар жұмысқа кірісті», – деді мердігер компанияның директоры Валентин Ведерников.

Ал жергілікті билік нысанды қабылдаған кезде ешқандай ақау болмағанын айтады. Бұл жобаны іске асыру ісімен құрылыс басқармасының мамандары айналысқан. Кепілдік міндеттемелері бойынша температуралық режимді қалпына келтіру жұмыстары мердігер компанияның есебінен жүргізілетін болады.

«Бұл нысанды қабылдаған кезде барлық жүйе қалыпты режимде жұмыс істеп тұрған. Бірақ  техника болған соң, ақаулар болып тұрады. Бұл мектептегі жылыту автоматикасында ақау бар деген күдік басым. Мәселені шешіп жатырмыз», – деді қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибуллин.

Осылайша, жауаптылар кемшіліктерді бір жұманың ішінде бітіреміз деп сендірді. Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінде 920-дан астам оқушы білім алады. Нысанның құрылысына мемлекет 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген.

Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Новости партнеров