Қазақ тіліндегі «Әнұран», «сынып» деген сөздер қолданыстан алынып тасталуы мүмкін. Мәдениет және спорт министрі осындай мәлімде жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақтоты Райымқұлова 3000-нан астам терминнің қайта бекітілгенін атап өтті. Оның ішінде 300-ге жуығы халықаралық терминдер. Алайда, жаңа министрдің бұл мәлімдемесі көпшіліктің, әсіресе қолына қалам ұстаған қауымның ашу-ызасын тудырды. Тіл мамандары кей сөздердің өзгеріссіз қалғанын қалайды. Қоғам белсенділерінің де көбісі мұны асығыс қабылданған шешім деп отыр.
Ақтоты Райымқұлованың терминдерге қатысты мәлімдемесі қоғамда сілкініс тудырды деуге болады. Халықаралық терминдерді қазақ тіліне қайтару үшін жүргізілген мониторинг нәтижесінде, бұрын қазақ тіліне аударылған 3 300-ден астам жалпыға бірдей қабылданған термин мен ұғым қайта қаралып бекітілді. Оның 300-ге жуығы - халықаралық терминдер. Мәселен, мұражай деген сөз енді «музей» болатын болды. Ал, мұрағат – архив, пайыз – процент, мейрамхана – ресторан, әнұран – гимн,ал, ақау – дефект болып қайта өзгертілді. Алайда тіл мамандары кейбір сәтті аударылған, яғни, халықтың құлағы үйреніп, санасына сіңіп кеткен терминдердің сол қалпында қалғаны дұрыс дейді.
«Мәселен, тікұшақ, ұшақ, елтаңба, әуежай сияқты сөздер осы қалпында қалуы керек сияқты. Өйткені, санамызға тұрақты сіңіп қалды. Терминнің бұрынғы қай тілден енді сол тілдің терминінде қабылдау керек сөздер де бар. Мәселен: композитор, мұражай-музей, мұрағат-архив сияқты», – деді филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира ЖЕТКЕРГЕНҚЫЗЫ.
Терминология саласында еңбек етіп жүрген Шерубай Құрманбайұлы да ұлт тілінде жасалған ұтымды баламалдарды сол қалпы қалдыру керек деген пікірде. Ал, министрліктің мәлімдемесін асығыс жасалған шешім болды дейді. Терминдерді алдымен халықтың талқысынан өткізіп, содан кейін барып бір рет бекіту керек еді деп қынжылады.
«Осы болып жатқан терминологиядағы, терминдерді қалыптастыруға, бекітуге қатысты осындай пікірлердің туындап жатуы терминологиялық жұмыстардың республикалық деңгейде үйлестіру жүйесінің әлсіз екендігін, кәсіби жұмыстың өз деңгейінде жүргізілмей жатқандығын көрсетеді. Терминологияға қатысты қандай да бір шешім қабылдап, шешім айтпастан бұрын осы салада еңбек етіп жүрген, осы саланың жай-жапсарын білетін тілші, салалық мамандарды жинап, ақылдасып, кәсіби сұрыптаудан өткізуді біз жолға қоюымыз керек. Сондықтан, бұл мәселені кәсіби тұрғыдан мамандар шешуі керек», – деді филология ғылымдарының докторы Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ.
Министрдің мәлімдемесіне журналистер қауымы да наразылықтарын білдіруде.
«Кейінгі 20 жылдың ішінде, оның ішінде соңғы 5-6 жылда әлеуметтік желіде қазақ тілі белсенді пайда болғалы көптеген сөздерді қазақша беталды аударып кеткені рас. Бұларда тізгін жоқтығы бірауыз жоқтығы рас. Мұнымен күресу керек. Бірақ, күрестің жолы бұлай екен деуге болмайды. Біз бұған сатылап келуіміз керек еді», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, журналист Қайнар ОЛЖАЙ.
Қаламы қарымды журналист Қайнар Олжай терминдерді қайта бекітпес бұрын тілімізді бірізділікке түсіретін заң керек дегенді айтты. Қазақ тілінде қате жазса жазалайтын, ресми бекітілген сөздерді басқаша бұрмалауға болмайды деген заң керек. Одан кейін бір қадағалаушы орган кім қателесті, кім қате жазды соны жазаға әкелуі керек деді журналист.
Тіл жанашырларының назы осындай. Ал, кешелі бері қоғамда айтылып жатқан түрлі пікірлерден соң, ведомство басшысы 3 мыңнан аса терминнің қайта қаралатынын айтты.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы