Атырауда ЖРВИ жұқтырғандар саны екі есеге өсті

Олардың көбі 14 жасқа дейінгі жеткіншектер

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда ЖРВИ маусымы басталмай жатып, инфекциялық ауруханаға түсетін науқастар саны көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазір онда 180 адам ем қабылдап жатыр. Соңғы бір айда инфекция деңгейі екі есеге өскен. Дәрігерлер ауру әсіресе күз мезгілінде өршитінін айтады. Сондықтан мамандар тұрғындарға уақытылы вакцина алуға кеңес береді. Себебі салғырттық аурудың асқынуына әкелуі мүмкін.

Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатқан 180 науқастың тең жартысы – балалар. Олардың көбі 14 жасқа дейінгі жеткіншектер. Тұрғындардың айтуынша, күз – тұмау мен респираторлық инфекциялар өршитін кезең. Әсіресе балабақша мен мектептерде маусымдық вирусты жұқтыру қаупі жоғары.

– Күзгі уақытта жедел респираторлық аурулар өршиді. Вирус көп тарайды, балалардың мектеп пен балабақшада жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан жеміс-жидектерді жуып, маска тағып, сырттан келген соң балалардың қолын тазалау маңызды, – дейді тұрғындардың бірі.

Тағы бір тұрғын қазір екі баласының ауырып жатқанын айтты.

– Қазір екі балам ауырып жатыр. Құсып, бастарын көтере алмай жатыр. Үлкен қызымның жағдайы жақсарды, кіші балам әлі ауырып жатыр. Үйде дәрісін беріп, емдеп жатырмын, – деді ол.

Дәрігерлер респираторлық вирустық инфекцияның 300-ден астам түрі бар екенін айтады. Олардың қатарында риновирус, парагрипп және бокавирус бар. Сондықтан мамандар тұрғындарға екпе алуға және жеке бас гигиенасын сақтауға кеңес береді.

– Қазіргі уақытта 180 науқас ем қабылдап жатыр. Соның ішінде респираторлық инфекциямен 38 бала емделуде. Алдын алу шараларына келсек, тұмауға қарсы вакцина бар. Бұл – аурудың алдын алудың маңызды жолдарының бірі. Вакцинациядан бөлек, қолды жиі жуып, таза ауада серуендеп, дұрыс тамақтану қажет, – деді Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс балалар инфекционисі Нүрфия Ғизатова.

Тағы бір айта кетерлігі, қазір көкжөтелді тұмаумен шатастыратындар көп. Мамандардың айтуынша, көкжөтел бірнеше айға созылуы мүмкін. Дерт асқынған жағдайда өкпенің қабынуына және мидың гипоксиясына әкелуі ықтимал.

Жалпы аймақта тұмауға қарсы 60 мың доза вакцина алынған. Екпе алдымен балаларға, диспансерлік есепте тұрған тұрғындар мен медицина қызметкерлеріне салынады.

Жұлдыз Қайратқызы, Almaty TV, Атыраудан.