«Жерге табын, адамзат!»: Алматыда «Невада-Семей» қозғалысының өкілдерімен кездесу өтті

Тарихи күнге тағы қандай іс-шара жоспарланған?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жерге табын, адамзат!». Бүгін осындай атаумен Ұлттық кітапханада «Невада-Семей» қозғалысының өкілдерімен кездесу өтті. Аталған дөңгелек үстел Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Тарихи күнге тағы қандай іс-шара жоспарланған? Толығырақ Almaty.tv тілшісі бейнематериалында.

«Адамға табын, Жер енді!». Бұл Олжас Омарұлының адамзаттың ғарышты бағындыруына орай жазған поэмасы еді. Ал, бүгінгі іс-шараның «Жерге табын, адамзат!» деп аталуы да тегіннен тегін емес. Күллі әлемді әбігер еткен, жаратылыс атаулыны жарып тынған ядролық полигонның жабылуы – ел үшін, жаһан үшін айтулы жайт. Бүгін осы күн ұлықталды, оның маңызы дәріптелді.

«Дүниежүзі халықтарына пайдалы, керекті проблема – атом полигонын жою. Жабылсын... Қазақтың жағдайын көрсетті. Мынау «Невада-Семей» жалпы халықаралық, жалпы қазақстандық, жалпы халықтың жағдайын көрсеткен қозғалыс деп есептеймін», – деді  тарихшы, этнограф Марат Сенбі.

Дөңгелек үстелде тарихи оқиғаның маңызы айтылып қана қоймай, оның ғылыми сипаты, деректік негізі талданды. Ұлттық кітапхана ұйымдастырған кітап көрмесі соның бір көрінісі. Конституция күні мен Семей полигонын қатар қамтыған көрмеге қор мұрағатынан 1500-ге жукық басылым қойылған.

«Көрмеде Тәуке ханның тұсындағы қабылданған жеті жарғы, сонымен қатар мәдени мұра бағдарламасы аясында жарияланған құжаттар мен материалдар қамтылған», – деді  Көрмелер және мәдени бағдарлама қызметінің жетекшісі Жанар Әбдікерімова.

Айта кетейік, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының негізі 1989 жылы қаланған еді. Ал, Тәуелсіздік алған тұста ел президенті полигонды жабу туралы жарлыққа қол қойды. Осылайша Республика халқы мен белсенділер бастаған қозғалыс оң нәтиже беріп, сынақ алаңдары толығымен өз жұмысын тоқтатты.

Мадина Оқас, Сая Есімхан, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров