|
22.12.2020 | 00:15
1292

Мәдениет саласы бойынша жылдың үздік ұстаздары мен жастары марапатталды

Шара «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтті

Мәдениет саласы бойынша жылдың үздік ұстаздары мен жастары марапатталды

Елімізде мәдениет саласы бойынша жылдың үздік жастары мен ұстаздары марапатталды. Сонымен қатар, талай жыл елге еңбегі сіңген мамандарға «Қазақстанның Құрметті Педагогы» төсбелгісі табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шара «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Білім өркениеті» ұлттық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өтті.

Тәуелсіздік күніне орай мәдениет саласына жаңа леп әкелген жастар мен елеулі еңбек еткен ұстаздар марапатталды. Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген байқауларда «Жылдың үздік ұстазы», «Үздік жас маман», «Жылдың үздік студенті» анықталған.

Сондай-ақ, «Қазақстанның Құрметті Педагогтары» іріктеліп, еліміз бойынша бұл төсбелгіге 13 адам лайық деп танылған. Жалпы бұл марапатқа 80-ге жуық ұстаз ұсынылған.

«Көп жылдардан бері еңбек етіп жүрміз. Соны елеп, осы мына марапаттарыңызды бүгін ұсынып марапаттап жатқанына мың да бір алғыс білдіреміз. Көп рахмет! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деді «Қазақстанның құрметті педагогы» марапатының иегері Ғалия Тоқсанбаева.

Мұндай шаралар ұстаздар арасына тығыз байланыс орнатып, педагогтардың инновациялық идеяларын кеңейтуге арналған. Ал «Үздік жас маман» байқауына 200-ге жуық адам қатысуға ниет білдірген. Оның ішінен тек жүзден жүйрік 20 шақты маман іріктеліпті.

«Бұл марапат мен үшін үлкен сый болды. Шынымды айтайын, күткен жоқпын. Сіз бірінші орынға ие болдыңыз дегенде үлкен қуаныш болды. Өзімнің концерттік шараларға қатысып, осындай еңбек еткенімізді көрсетіп соның арқасында осындай марапатқа ие болып отырмыз», – деді «Үздік жас маман - 2020» марапатының иегері Назымбек Мұсылманов.

«Жылдың үздік студенті» сайысына 500-ге жуық студент қатысып, бұл аталымға 20 азамат лайық деп танылған.

«Шынымды айтатын болсам, күтпедім. Қуаныштымын. Барлық ұстаздарыма рахмет білім берген. Және мен бұнымен тоқтамаймын», – деді «Жылдың үздік студенті» байқауының бірінші дәрежелі жеңімпазы Болат Садраддин.

Жеңімпаздарға арнайы төсбелгілер, педагогтардың өмірбаяны енгізілген кітап жинағы, куәлік пен дипломдар тапсырылды. Сондай-ақ шара барысында «Білім өркениеті» ұлттық ғылыми-зерттеу орталығының «Үздік студенттер академиясы» қатарына студенттер қабылданды.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир