|
30.07.2021 | 21:16
6817

Бір сыныпта 35-40 бала: Талғар тұрғындарын үш ауысымды мектеп мәселесі алаңдатып тұр

Жалпы ауданда 3 мың оқушыға орын жетіспейді

Алматы облысында үш ауысымды мектеп мәселесі әліге дейін өзекті. Қала іргесіндегі Талғар ауданының тұрғындары біраз уақыттан бері балаларымыз кешке дейін отырып, тар сыныптарда білім алады деп талай ашынған еді. Жалпы ауданда 3 мың оқушыға орын жетіспейді. Ал, облыста мектептер көптеп салынып жатса да, үш ауысыммен оқуды мүлдем жоя алмай отыр. Жалқамыс, Жаңалық және Талдыбұлақ ауылдарында да мектеп тапшы. Аудан тұрғындарының мәселесі қашан шешімін табады? Аймақта биыл қанша білім ордасы пайдаланауға берілмек? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай анықтап көрді.

Мектеп тапшылығын сезініп жүргендердің бірі – Перизат Мұсылманова. Төрт бірдей баласы мектепке баратын ана жаңа оқу жылында орын тапшылығы жойылып, балалары кең сыныпта оқиды деген үмітте.

«Талғарға мектептер керек. Қосымша мектептер салынса, қуанар едік біз де. Өйткені болашақта немерелеріміз өсіп келеді. Оларға да енді үйдің қасында, жанымызда болғаны жақсы. Үш маусымды болғаны өте қиын, әрине. Мұғалімдерге де қиын ол», – деді  Талғар ауданының тұрғыны Перизат Мұсылманова.

Үш ауысымды мектепте бір сыныпта оқитын балалардың саны 35-40-қа дейін жетеді екен. Тиісінше бір ғана ұстаз бар болғаны 40 минутта оқушыларға дұрыстап білім бере алмайды. Осылай деген бір топ талғарлық ата-ана жиналып, шағымдарымен бөлісті. Айтуынша, мәселені айтып жергілікті әкімдікке де бірнеше рет барған.

«Бірінші рет келіп тұрған жоқпыз негізі. Екінші, үшінші рет те келіп басқа ата-аналар талабын қойған. Біздің қоятын талабымыз, мектеп кішкентай, біздің балаларымыз үш ауысымда оқып жатыр. Қыстың кезінде менің 4-5-сынып оқитын балам кешкі 19.00-ге дейін оқып жүрді. Қыстың кезінде, көктемнің кезінде, жауын-шашынның кезінде қараңғы кезде үйге қайтып жүрді», – деді Талғар ауданының тұрғыны Әлия Өскенбаева.

Өзекті мәселе келесі жылы оң шешімін таппақ. Алдағы жылдың басында Талғарда 1200 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі.

«Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Ол 600 орындық мектепке ғана салынып жатыр. Ол Жалғамас ауылындағы және Жаңалық ауылындағы 600 орындық мектепке жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда», – деді Талғар ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы

Зульфира Садықова.

Жергілікті билік 2025 жылға қарай үш ауысымның мәселесі түбегейлі шешіледі деп отыр. Бүгінде Талғар ауданында 42 мектеп жұмыс істейді, онда 45 мыңға жуық оқушы білім алуда.

Сымбат Ноғай, Әнуар Амангелдинов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир