1992 жылы 7 мамырда ҚР Президентінің Қарулы күштерді құру туралы Жарлығы жарияланды. Содан бері тәуелсіз елдің айбынды әскері нығайып, аз уақыттың ішінде азулы елдердің қатарына қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстан әскері үш түрлі құрылымнан тұратыны белгілі. Атап айтсақ, құрлық әскерлері, әуе қорғанысы әскерлері және әскери-теңіз күштері қатарында сақ сарбаздар сапта тұр. Сонымен қатар, ҚР Жоғарғы бас қолбасшысы, Президенттің тікелей бағынысында арнайы дайындалған аэроұтқыр әскерлері бар.
Аспанда да, жерде де, елге қауіп төнгенде жедел әрекет ететін қуатты әскердің әлеуеті зор. Оны халықаралық армия ойындары дәлелдеп берді. Дей тұрғанмен, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп, кез келген мемлекет бар әлеуетін паш етіп, техникасын көрсетіп отырмайтыны белгілі. Бір бармағы бүгулі. Әр елдің өз құпиясы бар. Бұл ретте, қуатты Қазақстанның әскері кез келген жағдайда ел тыныштығын күзететініне халық сенеді.
Global Firepower сарапшыларының әскери қуат деңгейі бойынша биылғы рейтингісінде Қазақстан 145 елдің ішінде 58-ші орынға жайғасқан. Рейтингте 60 түрлі критерий назарға алынған. Олардың ішінде әскери бөлімшелер мен адами ресурстардың саны, қаржыландыру және технологиялық жарақтандыру бар. Былтыр Қазақстан осы рейтингте 63-ші орынды иеленген еді. Жыл сайын Қазақстанның әскері рейтингте жоғарылап келе жатқанын атап өткен жөн.
Рейтингте қаржыландыру мен жаңа технологияларға баса мән берілгені бекер емес. Салаға мол қаржы бөлінсе, сәйкесінше әлеует те арта түсетіні анық. Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстан әскеріне жылына 2,6 млрд доллар бөлінеді. Еліміздегі әскери қызметкерлердің жалпы саны – 77 мың адам. Техникаға тоқталсақ, құрлықтық күште 300 танк, 5 200 бронды тасымалдаушы, 246 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы, 456 сүйретілетін артиллериялық қондырғы және 407 көп реттік зымыран жүйесі бар.
Ел авиациясында 237 ұшатын техника, оның ішінде 75 жауынгерлік тікұшақ, 39 шабуылдаушы ұшақ, 81 жойғыш, сонымен қатар 25 оқу-жаттығу және 17 әскери-көлік ұшағы бар. Бүгінде әуе қорғанысы күштері Үкімет бекіткен қайта қаруландыру бағдарламасына сәйкес авиациялық флот пен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін жаңартып жатқаны белгілі. Осы уақытқа дейін Қазақстан мен еуропалық Airbus Military авиациялық концерні арасында жасалған келісім шеңберінде әуе кемелерінің паркі С-295 әскери ұшағымен толықты. Ми-35 және Ми-171Ш жаңа көліктік және жауынгерлік тікұшақтары алынды. Елімізде қазір Түркияның Anka дрондары сынақтан өткізіліп жатыр. Егер бәрі сәтті өтсе, Anka дрондары Қазақтанның әскери техникасының қатарына қосылуы мүмкін.
Қарулы Күштер қатарына кәсіби шыңдалған әскери қызметшілер ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Осы ретте, елімізде Қарулы күштер қатарына мамандар даярлайтын 3 институт және бір колледж бар. Олар – Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты мен Құрлық әскерлерінің әскери институты, Ақтөбе қаласындағы Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты және Щучье қаласындағы әскери колледж. Бұл әскери оқу орындарында студенттер тегін білім алып, оқуын тәмамдаған соң бірден жұмысқа қабылданады.
Елімізде әскери мамандықтар дайындаудың ұстаханасы саналатын Құрлық әскерлерінің әскери институты офицерлік кадрларды 11 мамандық бойынша қатарға қосады. Радио-электроника және байланыс әскери-инженерлік институтының міндеті – ҚР Қарулы Күштері әскерлері мен қаруланудың зенитті ракеталық, радиотехникалық әскерлерінің, байланыс бөлімдерінің, авиацияны радиотехникалық қамтамасыз етудің автоматтандырылған басқару жүйелерінің кәсіби офицерлерін дайындау. Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты – еліміздегі әскери ұшқыш, әскери инженер мамандарды әзірлейтін жалғыз білім ордасы.
Осылайша, елімізде жыл сайын кадр дайындауға, техника жаңартуға ерекше мән беріліп, әскеріміздің әлеуеті артып келеді. Әлемдегі геосаяси ахуал күрделенген кезеңде ел Қарулы күштерінің қуатты бола түскені маңызды. Бұл ретте, жастар Отан алдындағы парызын өтеуден қашпай, сақ сарбаз атануы қажет-ақ.
Оқи отырыңыз: Әскери теңізшілер ант қабылдады