Журналист, жазушы, теледраматург Сұлтан Оразалин өмірден озды

Журналист, жазушы, теледраматург Сұлтан Оразалин өмірден озды
Жазушы 80 жасында өмірден озды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Журналист, жазушы, теледраматург әрі қоғам қайраткері Сұлтан Оразалин 80 жасында өмірден озды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева instagram парақшасында жазып, марқұмның туған-туыстарына көңіл айты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Ел руханияты тағы бір тарланынан айырылды. Алаштың ардақтысы, тіл жанашыры, белгілі филолог-ғалым, қазақ радиосы мен телевизиясына ерекше еңбегі сіңген асыл ағамыз Сұлтан Оразалин дүние салды. Саналы ғұмырын қазақтың әдебиеті мен мәдениетін дәріптеп, туған тілінің тұғырын, ұлтының ұлық мүдделерін ту еткен есіл тұлға артына алты ұрпаққа азық болар шығармашылық үлес пен ғылыми мұра қалдырып кетті. Тәуелсіздіктің таңында тәй-тәй басқан жаңа елдің игілігіне қызметке келіп, жас мемлекеттің ұлттық өрісін кеңейтуге білек сыбана кіріскен Сұлтан ағамыз жылдар өте Үкімет пен Президент жанындағы түрлі алқалардың айнымас мүшесі, ақылман абызына айналды. Отандық тіл саясаты, өнер мен мәдениет мәселелеріне қатысты құнды ғылыми ізденістері мен кесек ойлы шығармалары өскелең ұрпақтың ілім-біліміне қосылған үлкен мирас еді.

Амал қанша… ажалға араша жоқ. Десе де, ұлы тұлғаның осынау ұлық жолы мен өнегесі оның өмірінің рухани жалғасы боп мәңгілікке ел есінде қалады. Жатқан жеріңіз жарық, иманыңыз берік, топырағыңыз торқа болсын, асыл аға!

Осынау қайғыға ортақтасып, марқұмның отбасы, туған-туыстарына көңіл айтамын», –  деп жазды Аида Балаева.

Айта кетейік, Халықаралық телевизия және радио академиясының академигі, кұрметті ардагер Сұлтан Оразалин 1941 жылы Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында туған.⠀

Ол -  Қазақстандағы көркем телевизияның негізін салушылардың бірі. Қазақ телевизиясының әдебидрамалық программалар бас редакциясын тұңғыш рет ұйымдастырып, 15 жылдан астам басқарған.

Қызмет жолында оның қаламынан жүздеген әдеби телесценарийлер мен телепьесалар туып, көгілдір экранда қойылды.⠀

Олардың ішінде «Сұхбат», «Қымызхана», «Кездесу», «Шұғыла», «Айтыс», «Халық қазынасы» т.б. хабарлар циклы мен «Кек», «Отырар ойраны», «Өлім фабрикасы», «Қашқын»  т.б. телеқойылымдары халыққа кеңінен танылды.⠀

Сұлтан Оразалин ауыз әдебиеті жанрларын, оның ішінде айтыс, терме, жыраулық өнерді қайта жаңғыртып, көгілдір экранда насихатталуына зор үлес қосты.

Новости партнеров