Қазақстанда алғаш рет БҰҰ жүлдесін иеленген қазақ ғалымы

Қазақстанда алғаш рет БҰҰ жүлдесін иеленген қазақ ғалымы
Ғалымжан Әб­дірешов ел тарихында тұңғыш рет БҰҰ жүлдесін ие­леніп, әлем ғалымдарының назарын ау­дарды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Осыдан үш жыл бұрын әлемде ба­ла­масы жоқ құрылғы ойлап тапқан Ға­лым­жан Әбдірешов жуырда көпшілікті тағы бір таңырқатты. Көзі көрмейтін жандарға дүниені өзгелер сияқты сезінуге септігін тигізетін SEZUAL аппаратын құрастырып шығарған ол ел тарихында тұңғыш рет БҰҰ жүлдесін ие­леніп, әлем ғалымдарының назарын ау­дарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Ал одан бұрын ол зағип жандарға қол қоюға мүмкіндік беретін құрылғы, сон­дай-ақ үйден оқитын балаларға өз бе­тінше оқуға көмектесетін Брайль шрифтін көп­шіліктің назарына ұсынған еді. Зағип жандардан бөлек, мүмкіндігі шектеулі өзге жандардың өміріне өзгеріс әкелетін жобаларды іске асырып жүрген Ғалымжан Әб­дірешовке хабарласып, әңгімеге тарт­қан едік.

– Ғылыммен шұғылданғанға дейін бірнеше мекемеде программист, сондай-ақ оқытушы болып жұмыс істепсіз. Ал зағип жандарға арналған бірегей құ­рыл­ғыны ойлап табу идеясы қайдан кел­ді?

– Негізі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ма­тематика және информатика факультетін бітіргендіктен, бағдарлама жасау ісіне бұрыннан қызыққаным айтпаса да түсінікті. Бірақ ғылыммен бірден айналыспай, оқу бітірген соң Нұр-Сұлтан қаласындағы темір­жол академиясына оқытушы болып жұмысқа тұрдым. Банкте қосымша жұмыс істеп жүр­генде ІТ саласына қызығушылығым оян­ды. Бертін келе Қазақстан теміржолының жа­нын­дағы ғылыми-зерттеу институтында прог­раммист, үш жылдан соң атқарушы дирек­тор қызметін атқарып, бірнеше жобаға же­текшілік еттім. Соның ішінде ҚТЖ-да күні бү­гінге дейін қолданылатын рельстік-шпал­дық балласт картасын жасап шығардым. Со­сын өз компаниямды ашып, интернет та­ратуға мүмкіндік беретін байланыс опе­ра­торын құрастырдым. Бүгінде бұл инно­ва­ция­ны Президент Әкімшілігі қолданады. Кейін­нен Қорғаныс министрлігінің сайтын әзір­леуге атсалысып, министрліктің қызметіне қатысты көптеген жүйе әзірледім. Сөйтіп жүр­генде Президент Әкімшілігі бірлесе жұ­мыс істеуге шақырып, бес жыл бойы Ақор­да­ның ресми сайтын жүргізуге көмектестім. Арасында Денсаулық сақтау министрлігінде онкологиялық ауруларды емдеу процесін жүргізудің сапасын жақсартуға бағытталған жүйе ойлап таптым. Сосын аз уақыт үзіліс жариялап, ғылыми жұмыстардан қол үзгім келді. Дүкен ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналысқанды құп көрдім. Бірде моншада қызған тастың үстіне су шашып жібергенім сол-ақ еді, ыстық бу бетіме ұрып, көзімнің ішкі тор қабығы қабаттала түсіп, көз алдым тұманданып кетті. Дәрігерлер қабықты жап­сырып берсе де, ол орнынан жылжып кетсе зағип болып қалу қаупі бар екенін айтты. Сөйтіп, алдағы уақытта көзім көрмей қалған жағдайда ортаға қалай бейімделіп, әрекеттесе алатынымды зерттей бастадым. Біз білмейтін қандай жаңашыл құрылғылар бар екенін іздеп көрдім. Негізі, зағип жандардың тұрмы­сын жеңілдететін көптеген өнертабыс бар, бірақ көз жанарын толығымен алмастыра алатындай мардымды ештеңе жоқ екеніне кө­зім жетті. Есесіне, адамның жануар секілді ды­быстық биолокация арқылы көре алаты­ны туралы жазылған көптеген мақала тап­тым. Жалпы, жануарлардың көбінде көз алма­сы жоқ, олар жарық толқынының көз қыр­тысына түсу есебінен жарықты, қашық­тықты сезіне алады. Ал түнде жүретін жануар­­лар жарықты көре алмаса да, қашық­тықты анықтай алады, себебі олардың мұрын-жұтқыншақ қуысында дыбыс толқы­нына реакция беретін мүше бар. Невроло­гия­дағы көп зерттеуді ақтара келе, адамның да осындай жолмен көріп, сезе алатынын біл­дім. Сөйтіп, ғалымдар «Көз жанарынан айы­рылған адамдарға осы ерекшелік арқылы неге эксперимент жасап көрмеді екен?» деген сұрақ туындады. Сөйтсем, көбі бұл істі қолға алған екен, бірақ теория жазудан ары аспа­ған. Дыбыс толқынының зағип жандарға көмегі көп тиетінін дәлелдеуге тырыспаған. Ал менде бұл жаңалықтың «түбін» қопара зерт­теуден басқа амал қалмады, өйткені бұл жаңалықты біліп алған мен ертең көзім нашар көретін болса, мүмкіндігім шектеулі болатынын, шама-шарқымның жетпейтінін жақсы түсіндім. Содан жатпай-тұрмай дыбыс тол­қынын жіті зерттедім, сондай-ақ ин­тер­неттен невробиология бойынша түрлі лек­ция тыңдадым. Осылайша, бар білген-көр­генім­ді бір аппаратқа «тоғыстырып», оны зағип жандардың көмегімен тексерістен өткізіп, бірінші прототип құрастырып шығардым. Бірақ бірінші аппарат қарапайым формада құрастырылған. Бұл аппаратты SEZUAL деп атадым, яғни «сезіп ал». Ал мұ­ның мүмкіндігін арттыру, жетілдіру әрі бұл жаңалықты тереңінен зерттеу үшін біраз қара­жат керек болды.

– Бастапқыда көпшілік айтқаныңыз­ға сенбей, сіз құрастырған бұл аппарат­тың көзі мүлде көрмейтін жанның өз бе­тін­ше қозғалуына көмектесетініне күмән келтірген екен. Оларды қалай сен­дірдіңіз?

– Иә. Бірінші болып жүгінген Ғылым ко­ми­теті көмектесуден бас тартты. Сосын эксперимент жүргізуге қатысқан зағип жан­дар қауымдастығының төрағасынан көмек сұра­дым. Ол комитеттегілерге менің расымен ты­рысып-тырмысып жүргенімді көзімен көр­генін айтып, жобаның маңызын баяндап берді. Бірақ қаражат үлестіріліп қойды деген желеумен маған қолдау көрсетуден бас тартты. Әркімнің есігін бір қағып, табал­ды­рық тоздырып жүргенімді көріп жүрген бір таныс әйел дұрысы Дүниежүзілік банк ұйым­дас­тыратын грантқа құжат тапсырып көруге кеңес берді. Бірнеше айдан соң Барак Обама­ның кеңесшісі болған Томас Селуччи секілді мүйізі қарағайдай ғалымдардың қатысуымен өтетін комиссияға шақырылдым. Бұл шешу­ші кездесуге зағиптар қауымдас­ты­ғының төрағасын ерте бардым. Жобаны таныстыра­тын кезегім келген кезде комиссия төрағасы аузымды ашпай жатып маған «Тыңдаңыз, сіздің көзі көрмейтін жандарға бірдеңе ой­лап тапқаныңызды білеміз, бірақ банк бере­тін ақшаны қасыңызға ертіп келген зағип кісімен теңдей бөлісіп алмауыңызға кім ке­піл?» деп сұрақты төтесінен қойды. Ол кісіні иландыру үшін менімен бірге эксперимент жүргізуін өтіндім. Ол кісіні орындыққа отыр­ғызып, көзін байлап, алдына аппаратты қойдым да, қарсы алдына барып сол жерден тапқан тәрелке, кітап және қойындәптерді алып «Алдыңызда қандай зат ұстап тұрмын?» деп сұраған едім, ол мүдірместен барлығын атап шықты. Мұның барлығын бақылап отыр­ған комиссияның өзге мүшелері де таңғалысын жасырмады. Одан бөлек, бұл жо­баны еріккеннен жасап жүрмегенімді көрсету үшін дәрігерлердің қорытындысы жазылған анықтаманы көрсеттім. Тағы бір айта кетерлігі, комиссия төрағасы бұл жоба­ны қаржыландыру үшін неге аз сома сұра­ғаныма таңғалды. Кейін білгендей, америка­лық ғалымдар дәл мен зерттеп жүрген жұмысқа 15 жыл ішінде 110 миллиард АҚШ до­л­ларын жұмсапты. Сөйтіп, комиссия мү­шелері сәттілік тілеп, бірауыздан грант беру­ді ұйғарды. Дәл сол күні кешке ақша түсіп, ертесі ыңғайлы кеңсені жалға алып, құрал-жабдықтар сатып алдым. Сондай-ақ бес тәуелсіз инженердің басын қосып, команда жасақтадым. Үш-төрт ай тынбай жұмыс істеп, аппаратты толығымен құрастырып шығарған соң, жанары су қараңғы адамдарды тексерістен өткізу қажет болды. Зағиптар қауымдастығынан төрт адамды ертіп келіп, жаттығу жұмысын өткіздім. Олар арнайы әзірлеген алгоритмді тез меңгеріп алғаны соншалық, бір сағаттан соң не оқыта­ты­ным­ды білмей, дал болдым. Сосын олар бірінші күні баспалдақ, парталарды көре алса, екінші күні дәлізден өз бетімен өтіп жүрді, ал үшін­ші күні ешкімнің көмегінсіз шай құйып жүр­ді. Алтыншы күн тіпті керемет өтті. Экспери­ментке қатысқан Жазираның көз алма­сы жоқ, ол көз протезін киіп жүреді. Жа­зира саябақта арнайы салынған қисық жол­дарды мүдірмей жүріп өтті. Ал Біржан есім­ді жігіт ағаштардың қаншалықты биік екенін, олардың қай түрі екенін айта бас­тады. Содан олар көрсеткен нәтижеге ерек­ше қуанып, мұны видеоға түсіріп алып, Білім және ғылым министрлігінің, сондай-ақ Дүние­жүзілік банк өкілдеріне көрсеттім. Олар да бұл жайтқа қуанғанын жеткізді. Десе де, арамызда мұны фокус деп санап, бұл идеяға сенбегендер көп болды. Оларды сендіре түсетін ерекше тәжірибе жасау үшін Жазираны велосипедке мінгіздік. Жазираға үш-төрт күн велосипед тебуді үйреткен соң, ол оны өз бетінше айдап, бірнеше күннен соң арнайы қойылған кедергілерден мүдірмей өтті. Мұны видеоға түсіріп, дәлел ретінде көп­шілікке көрсеттік. Бірақ ары қарай жағ­дай ушыға түсті.

– Естуімше, Дүниежүзілік банк өкіл­дері арнайы Қазақстанға келіп, сізге бер­ген грантты қайтып алмақ болған…

– Негізі, комиссия мүшелері грант берген жо­баның нәтижесін көру үшін қайта келіп тексеріс жүргізеді. Ал олардың маған грант берсе де, артынша райынан қайтып қалға­нын, Нұр-Сұлтанға шу шығару үшін бара жатқанын сол жерде істейтін бір танысым алдын ала айтып, ескерткен еді. Оларды тағы бір рет сендіру үшін Жазира екеуміз комис­сияның алдында тағы бір эксперимент жүр­гізетін болып келістік. Комиссия мүше­лері кабинетке кіріп отырғанша мойнына ап­парат іліп алған Жазира оларға шай, су құйып, сол жерде жұмыс істейтін менеджер қыз секілді қызмет етіп жүрді. Ал комиссия төра­ғасы мені бірден тарпа бас салып «Аме­рикада барлығы бізге күліп жатыр. «Бірде-бір Нобель лауреаты шықпаған, ғылымға ешбір жаңалық әкелмеген елден қайдан ғалым шықсын? Әлемнің небір мықты ғалымдары ойлап таба алмаған нәрсені айдаладағы қазақ қайдан жасасын? Байқап қарасаң, мұның барлығы күлкілі. Сен бізді алдадың!» деп айқайлап, сөз соңында келісімшартты бұзатынын, грантты қайтарып алу үшін қыл­мыстық іс қозғайтынын айтты. Қанша көн­діруге тырыссам да, алған бетінен қайтпай қойды. Ашуы тарқаған соң осы жерде ап­па­ратты сынап көруімді сұрады. Мен оларға бағанадан бері қызмет көрсетіп жүрген Жазираны көрсеттім. Олар болса Жазираның зағип жан екеніне сенбей, оған шүйлікті. Сол мезетте Жазира олар отырған үстелдің қарсы алдына келіп, көзіндегі протезін шешіп, іші бос көз ұясын көрсетті. Комиссиядағылар аң-таң болды. Арасынан тек біреуі эмоция­сын жиып, қасыма келіп, қолымды қысты. Ал көпшілігі не айтарын білмей, біраз уақыт үн-түнсіз отырып қалды. Сосын әлгі төраға «Қа­зақстанда не істеп жүрсің? Мұндай жо­баның әлем үшін маңызы қандай екенін біле­сің бе?» деп арқамнан қағып, кешірім сұра­ды. Бірақ шетелдіктер тарапынан осын­дай үлкен қолдауға ие болсам да, ортамда мұн­дай бірегей жоба ойлап тапқанымды кө­ре алмай, аяқтан шалғысы келіп, тосқауыл қой­ғандар да табылды. Ережеге сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі біздің жобаны мемлекеттік тестілеуден өт­кізуі тиіс болатын. Олар мені арнайы по­ли­гонға шақырып, 40 дефектолог пен егде тартқан және денсаулығы нашарлап кеткен зағип жандарды ертіп әкелді. Олар по­ли­гонды аттап кіргеннен бастап бұл аппаратқа сенбейтінін айтты. Адам ештеңеге зауқы соқпаса, ештеңе үйренгісі келмейді ғой. Көзі көрмейтін басқа кісілер оларды көндіруге тырыс­са да бой берер емес. Бірақ екі-үш күн бойы жұмыс істеген соң, олар полигонда орнатылған кабинеттердің есігін тауып, көрші кабинетке кіріп, ондағы заттарды оңай таба алды. Сөйтіп, бұл ресми процедура сәтті өткен соң министрліктегілер еліміздегі ірі компаниялардың біріне мемлекеттік тап­сырысты қамтамасыз ететінін жазып, қолдау көр­сетуді сұрады. Тіпті, «Қазақинвест» өкіл­дері қаржыландыру жобасын әзірлеп берді. Есептеп қарасақ, Ақмола облысында 10 мың­даған зағип жан бар екен. Олардың бар­лығын жаттықтыру үшін арнайы полигон жә­не аппарат жасайтын цех керек. Қаржы бөлін­се, олар біздің көмегімізбен бір-бір ап­паратты иемденіп, ізінше белгілі бір ма­мандықты игеріп, қоғамдық өмірге белсене ара­ласып кететін мүмкіндігі бар еді. Бірақ әлгі компания түсініксіз жоба деп кө­мек­тесуден бас тартты.

– Ал БҰҰ-ның жүлдесіне қалай ілін­діңіз? Кандидатураңызды Дүние­жү­зілік банк өкілдері ұсынған ба әлде?

– Патенттеу кезінде Дүниежүзілік банк өкіл­дері өздері үшін жеке сараптамадан өт­кізу мақсатында Халықаралық патент то­бы­на арнайы тапсырыс берген. Олар көптеген елдегі патент тобымен байланыс орнатып, онда тексеріс жүргізетін ғалымдардан менің жобама сараптамалық қорытынды жасауын сұраған. Бір қызығы, барлығы оң көзқарас танытса да, ресейлік ғалымдар мұны ғылыми жаңалық ретінде мойындағысы келмей, ақы­рында халықаралық ғылыми қауымдастық қы­сым көрсеткен соң қорытынды жазып бер­ген екен. Бұл қорытындыға сәйкес, Ха­лық­аралық интеллектуал қоры көз жанарын то­лығымен алмастыратын аппарат деп жария­­лады. Ал мұны байқаған Еуропалық ға­­лымдар кеңесіндегілер өздері сарап­тамалық қорытынды жасап, нәтижесінде аппаратты ғылыми сыйымдылығы жоғары өнертабыстар тізіміне қосқан. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері Халықаралық интеллектуал қоры мен Еуропалық ғалымдар кеңесінің SEZUAL-ға жасаған сараптамасын көріп, жаңашыл өнертабыстарды қарастыра­тын арнайы комиссияда сөз еткен. Сөйтіп, олар бұл аппараттың Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның Даму бағдарламасына (БҰҰДБ) сай келетінін, әлемді өзгерте алатын өнертабыс екенін мойындап, БҰҰ жүлдесіне ұсынған. Содан, жалпы саны 200 университеттен ғылыми топ қатысқан жүлдеде сегізінші орын­ға табан тіредім. Бір қызығы, мұндай жүл­денің бар екенін әрі бұл жүлдеге ілін­генімді кеш білдім. Еуразия аймағына жауап­ты БҰҰ офицері хабарласып құттықтаған кезде, ел тарихында тұңғыш рет алған бұл жүл­де жөнінде Қазақстан тарапы неліктен үн­сіз жатқанын айтып, аң-таң болды.

– Ал бұл жүлденің берері не?

– Бұл жүлденің ережесіне сәйкес, да­мы­ған елдердегі инвесторлардан демеушілік кө­мек алуға құқым бар. Енді есіктен-есікке жү­гіріп, түрлі конкурстан өтіп, сандалудың қа­жеті жоқ. Мысалы, бұрын Оклахома уни­верситетіндегі ғылыми топқа хабарласып, қол­дау сұрағанымызда олар бізге қол ұшын созудан бас тартқан еді. Ал қазір олар өздері ха­барласады. Осы жүлдеге лайық деп таныл­ған соң, әлеуметтік желіде, әсіресе LinkedIn-де байланыс орнатқысы келетіндердің қа­тары артты. Сондай-ақ демеуші болуға дайын инвесторлардың да қарасы көбейді. Десек те, олар­дың өз ұстанымдарын алға тартатын­дықтан, қарым-қатынас өрбімей қойды. Мысалы, Үндістан өкілдері үлкен қолдау біл­дірсе де, менің Мумбайға қоныс аударып, сонда зерттеу жүргізгенімді қалайды. Біздің аппаратқа қызыққан Сингапур өкілдерімен тіпті бірлесіп компания ашқан едік, бірақ екі-үш ай жұмыс істеген соң, байланысты үзуге тура келді. Өйткені онда бізге қол ұшын беретін дефектолог мамандар жоқтың қасы әрі олар да мені өз еліне көшіп баруым­ды қалады. Біріккен Араб Әмірлігіндегі Адж­ман қаласының шейхімен де байланыс ор­нат­тық. Ол да Аджман немесе Дубайдың аума­ғында зерттеу жүргізуге шақырды. Қа­зақ­станда ашып-ақ бірлесіп жұмыс істейік деп едім, бас тартты. Ең ақырында таңдауы­мыз америкалық инвесторларға түсті. Қазір ол жақтан компания құру бойынша құ­жат­тар реттестіріп жатырмыз.

– SEZUAL-дан бөлек, көптің көңілінен шығып жүрген, көзі көрмейтін жан­дар­ға арналған өзге екі ірі жобаңыз бар еке­нін білеміз. Зағиптармен қатар, мүм­кін­дігі шектеулі басқа жандарға арнайы құрал жасау жоспарыңызда бар ма?

– Әрине, бар. Бірінші өнертабыстың сәтті шық­қанын байқаған соң елордада зағип ба­ла­ларға білім беретін мұғалімдерден ұсы­ныс көп түсті. Олар балаларды оқытуда тап бол­ған мәселесін ортаға салды. Астанада зағип ба­лаларға арналған бір ғана сынып бар, ал онда 15 бала оқиды. Ал қалған 400-ге жуық бала үйден оқуға мәжбүр. Мұғалімдер оларға өздігінен үйренетін Брайль шрифтін құрастырып беруімді өтінді. Сөйтіп, бір жыл ішінде әлгі құрылғыны жасап шығардық. Тағы сол демеуші іздеуде қиналып, ақырында «Тенгизшевройл» компаниясының көмегімен Атыраудағы мектептердің біріне арнайы әзір­леп бердік. Қазір бізбен байланыс орнат­қан ЮНИСЕФ өкілдері бұл құрылғыны әлем­ге насихаттау жұмысын бастап кетті. Брайль шрифтінен бөлек, тағы көп ұсыныс айтылды. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – зағип жан­дар қол қоюға мүмкіндік беретін құрал ой­лап табу. Бұл көп құжатқа қол қоятын зағип жандардың жанға бататын мәселесі екені айтпаса да түсінікті. Содан соң пластик тра­фаретке ойылып жазылған қолды қалам­мен жүргізіп отыру арқылы қол қоя алатын құрал жасадық. Жуырда І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған академик, заңгер Майдан Сүлейменов мұның заңды екенін растап берді. Көзі көре алмайтындардан бө­лек, аутист және саңырау кісілерге арналған жобаларымыз бар. Тек қазір дайын тұрған жобалардың презентациясын жасаумен қолымыз тимей жатыр. Алда түрлі диагнозы бар жандарға арналған жобалардың маңызы туралы ести жатарсыздар.

Новости партнеров